Банк пен қаржы

Масаға қарсы 13,6 млрд: Жұманғарин Павлодардағы күмәнді тендерді тексереді

Серік Жұманғарин Асайын Байханов маса
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен вице-премьер Серік Жұманғарин / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Әхтәм Зиперов

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин маса мен шыбын-шіркейге қарсы 13,6 млрд теңгенің күмәнді тендерін тексереді. Қыруар ақшаның мемлекеттік тапсырысын бір күн бұрын Асайын Байханов басқаратын Павлодар облысы әкімдігінің мекемесі жариялаған.

Үкіметтің 23 желтоқсандағы жиналысынан шыққан Жұманғарин Kursiv.Media тілшісінің қансорғыш жәндіктермен күреске бөлінетін қаражат туралы сауалынаа жауап берді.

«Мен қазір әкімшілікпен хабарласып, не болып жатқанын сұраймын», – деді Жұманғарин.

Естеріңізге сала кетейік, 22 желтоқсанда Павлодар облысы әкімдігіне қарасты мекеме өңірді жайлаған маса мен шыбын-шіркейді жою үшін 13 млрд 674 млн 377 мың теңгенің мемлекеттік тапсырысын сатып алу порталына орналастырды. Бір ғана лоттан тұратын қыруар қаражат үш жылда игеріледі. Қазақстан тарихында масамен күреске мұншама миллиард ешқашан бөлінген емес.

Салыстырар болсақ, 2023 жылы облыс масамен күреске 1,2 млрд теңге бөлген. Қазіргі мемлекеттік тапсырыс екі жыл бұрынғы қаражаттан шамамен төрт есе асып түсті.

Айта кетейік, кейінгі бірнеше жылда Павлодар облысы шыбын-шіркейге қарсы қыруар қаражат бөліп келді, бірақ әкімшіліктің осы күресінде жәндіктер үнемі жеңімпаз болып шығады.