Авто

Улы түтін дауы: Mercedes-Benz көлік иелеріне 2 мың доллардан таратады

Mercedes-Benz мерседес
фото: shutterstock

Mercedes компаниясы америкалық елу прокурордан тұратын коалициямен ортақ келісімге келді: автогигант көлік иелеріне 149,6 млн доллар төлеуге көнді. Бұл туралы штаттардың бірінің прокуратурасы таратқан мәлімдемеде айтылған.

Құзырлы мекеме дерегінше, Mercedes компаниясы 2008-2016 жылдар аралығында Құрама Штаттарда дизельмен жүретін 211 мыңнан астам жеңіл көлік сатып, оны қоршаған ортаға зияны жоқ таза автомобиль ретінде жарнамалаған.

Алайда, тексере келе, көліктер азот оксидін (NOx) шамадан тыс шығаратыны мәлім болып отыр. Компания оны жасыру үшін түтін мөлшерін әдейі азайтып көрсететін құрылғы орнатқан.

Прокуратура NOx улы түтін түзеді, адамның тыныс алу жолдарын бітеп, ерте өлуіне себеп болады деп есептейді.

Енді автогигант мұндай көліктерді өз қаражатымен жөндеп қана қоймай, зардап шеккендерге өтемақы төлеуге тиіс.

«Компания тұтынушыларға 1200 доллар көлемінде кепілдік ұсынып, әрқайсына 2000 долларлан төлейді», – деп жазылған прокуратура мәліметінде.

Автогигантқа қарсы ұжымдық шағым 2016 жылғы ақпанда сотқа түскен. Сол кезде Mercedes-Benz өкілі айыптауды жоққа шығарған. Алайда 2020 жылы компания АҚШ үкіметіне жанжалды реттеу үшін 1,5 млрд доллар төлеуге келіскен.