
2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша, елдегі ең ауқатты тұрғындар арасындағы табыс деңгейі жөнінен Қарағанды облысы көш бастады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өңірдегі ең ауқатты 10% тұрғынның жан басына шаққандағы орташа айлық табысы – 413,2 мың теңге. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша орташа деңгейден (272,7 мың теңге) 1,5 есе жоғары.
Статистикаға сәйкес «байлар» кім
Бюро халықты табыс деңгейіне қарай әр тоқсан сайын он топқа бөледі. Соңғы оныншы топқа ең жоғары табысқа ие 10% тұрғын кіреді – статистикада олар «шартты түрде байлар» деп аталады. Айта кету керек, бұл топқа кіру шегі аса жоғары емес: шілде–қыркүйек айларында алғашқы ондыққа ену үшін орташа айлық табысы кемінде 189,2 мың теңге болуы жеткілікті болған. Ал табыстың жоғарғы шегі 1,9 млн теңгеге дейін жеткен.
Неліктен Қарағанды облысы көш бастады
2022 жылы табыс топтарының шекарасы қайта қаралғалы бері Қарағанды облысы алғаш рет бірінші орынға шықты. Бұған дейінгі үш жылда өңір тұрақты түрде үздік бестікке кіргенімен, мұншалықты жоғары көрсеткіштер тіркелмеген. 2022–2024 жылдардың III тоқсандарында «байлар» тобының орташа табысы 295,7 мың теңге болған.
Сарапшылар бұл өзгеріс статистикалық іріктеменің ерекшелігімен байланысты болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәліметтер шамамен 12 мың үй шаруашылығын сұрау арқылы жиналып, кейін бүкіл ел халқының көрсеткіші ретінде экстраполяцияланады. Болжам бойынша, осы тоқсанда Қарағанды облысы бойынша іріктемеге табысы жоғары үй шаруашылықтары көбірек түскен.
Басқа өңірлердің көрсеткіші қандай
«Байлар» тобының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы бойынша екінші орынды Павлодар облысы иеленді – 360,8 мың теңге. Өткен жылғы көшбасшы Астана биыл үшінші орынға түсіп қалды – 353,3 мың теңге (былтыр – 480,1 мың теңге). Алматы төртінші орынға жайғасты – 336,2 мың теңге.
Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық
Сонымен қатар Қарағанды облысы табыс теңсіздігі ең жоғары өңірлердің қатарына кірді. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларындағы көрсеткіш бойынша, бұл өңірде ең бай 10% тұрғынның табысы ең кедей 10% тұрғынның табысынан 6,7 есе жоғары болған. Бұдан да үлкен алшақтық Павлодар облысында тіркелді, мұнда айырмашылық 7 есеге жуық. Қазақстан бойынша орташа алғанда жоғарғы және төменгі 10% тұрғындар арасындағы табыс айырмашылығы 6 есеге жуық.
Мұнда тұтынуға бағытталған табыс көрсетіліп отыр, ол тұтыну шығындарын, жеке шаруашылық өнімдерінің құнын және трансферттерді ескеріп есептеледі.