Жеке автосалондарға Қазақстанға жаңа көліктерді әкелуге тыйым салынады

Еуразиялық экономикалық одақ аумағында импортталатын автокөліктер нарығында ауқымды өзгерістер күтіліп отыр. Kolesa.kz порталының хабарлауынша, жуырда ЕЭК кеңесінің отырысында бес елдің вице-премьерлері «сұр» дилерлердің қызметін едәуір шектейтін қатаң шараларды мақұлдады.
Тек ресми өкілдер ғана көлік әкеле алады
Құжатқа сәйкес, ЕАЭО аумағына жаңа автокөліктерді тек өндіруші зауыттардың ресми өкілдері ғана әкеле алады. Жекеменшік автосалондар тек үш жылдан асқан көліктерді импорттауға құқылы болады. Белгілі бір брендтер ресми ұсынылмаған елдер үшін де ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.
Қашан күшіне енеді?
Бұл шешім 2025 жылдың соңына дейін жарияланып, 2026 жылғы қаңтардың соңғы онкүндігінде күшіне енеді. Құжатта өтпелі кезең қарастырылмағандықтан, бейресми дилерлер тапсырыс берген немесе жолда келе жатқан көліктерді рәсімдеп үлгермей қалуы мүмкін.
Жеке тұлғаларға шектеу жоқ
Маңыздысы, бұл қатаң шектеулер тек коммерциялық салаға қатысты. Қарапайым азаматтар үшін 2024 жылдың соңында Қазақстанда енгізілген ереже күшінде қалады, яғни, жеке тұлғалар өз қажетіне бір көлікті жылына бір рет көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік арқылы рәсімдеп, елге әкеле алады.
Ал заңды тұлғалар үшін жалғыз мүмкіндік – көлік құралының түрін мақұлдау туралы куәлік алу. Енді бұл құжатты тек автокөлік өндірушілердің ресми өкілдері ғана рәсімдей алады.
Еске салайық, осыған дейін Еуропалық комиссия іштен жану қозғалтқышымен ғана жұмыс істейтін автокөліктерге 2035 жылдан бастап енгізілуі тиіс болған тыйымды алып тастады. Енді Еуроодақта автокөлік өндірушілерге қойылатын жаңа талаптар енгізілді.