
Атырауда Ләззат Тасқынбаеваны ұрып өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты.
39 жастағы әйел 14 жыл отасқан күйеуінің қолынан қаза тапты. Nemolchi қорының хабарлауынша, қайғылы жағдай 2025 жылдың тамызында екі қызының көзінше болған.
Сот Тимур Қабдрахитовті адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.
Атырау сотының мәліметіне сәйкес, ерлі-зайыпты бірге ішімдік ішкен. Содан кейін әйелін қызғанып, оны ұрып-соққан. Салдарынан әйел қайтыс болды.
Үкім шығару кезінде сот ер адам шын жүректен өкінгенін, кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын ескерген.
Алайда марқұмның бөлесі Майра Сәдуақас ер адам небәрі 10 жылға сотталғанына наразы.
«Марқұм Ләззаттың туған әпкесі сот үкімін кездейсоқ білді. Ешкім алдын ала хабарламаған. Соттың мұндай шешімін қабылдау қиын. Одан қиыны – әділетсіздікке мойынсұну», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Талдықорған сотында Баласаз ауылында қайтыс болған 32 жастағы Айзат Жұмановаға қатысты іс қаралып жатыр. Күйеуі Айбар Жанболатқа адам өлтірді деген айып тағылған.