
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіл рельсті көлік (ЖРК – ЛРТ) желісін ұзарту және Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу ұсынысын қолдады, деп хабарлайды Ақорда.
«Жеңіл рельсті көлік жобасы да өте маңызды. Көп ұзамай оны толық іске қосу керек. Мен жеңіл рельсті көлік желісін ұзарту туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам көлік кептелісін азайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Үкімет, ең алдымен, жобаны қаржыландыру мәселесін шешуге тиіс», – деді Тоқаев.
Бұған қоса, президент елордадағы Қабанбай батыр даңғылында екі деңгейлі жол салу туралы ұсынысты да қолдады. Жоба құжаттарын 2026 жылы әзірлеп, 2027 жылы құрылысты бастауды тапсырды.
Сондай-ақ, Үкіметпен әкімдікке Тәуелсіздік даңғылын ұзарту жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Айта кетейік бұған дейін Тоқаев елордада екінші әуежай салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған. Ол үшін бірінші кезекте авиаотын шығару жобасын дайындау керек екендігін баса айтқан.