Астанадағы қоқыс полигондары толуға таяды: мәселе қалай шешіледі

Астанадағы қоқыс полигондары 98 пайыз толып тұр. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару департаментінің директоры Руслан Түкенов айтты.
«Қазір қоқыс жиналатын үшінші жерді салу мәселесі қаралып жатыр. Тиісті жобасы жасақталды, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қорытындысы шықты. Қаржыландыру жағын Астана әкімдігі қарастырып жатыр», – дейді Түкенов.
Айтуынша, 2024 жылғы жоспар бойынша елімізге 100 қоқыс полигоны қажет. Алайда балама жолды пайдаланып, қоқыс полигоны санын азайтқан жөн. Оның орнына инфрақұрылымды дамытып, кәдеге жаратуға ден қойған дұрыс.
«Қалада қалдықтарды өртеп, энергетикалық энергия алуды енгізгелі жатырмыз. Астанада қоқыс полигоны болуы керек, бірақ көлемі осынша үлкен болуы керек пе? Осыны әкімдік басқа ұйымдармен бірлесіп, қарауы керек», – дейді ол.
Бұған дейін Руслан Түкенов үш қалада қоқысты өртейтін зауыт салынатынын айтты.