Атбасар колониясының 12 қызметкері азаптау ісі бойынша ақталды

Атбасар колониясының 12 қызметкері азаптау ісі бойынша кінәсіз деп танылды, деп хабарлады Ақмола облысы сотының баспасөз қызметі.
Олар 2023 жылы тұтқындарды азаптады деп айыпталған еді. 2025 жылдың ақпан айында алқабилер колония қызметкерлерін ақтаған еді. Алайда сәуірде бірінші сатыдағы сот процедуралық бұзушылықтарға жол бергені белгілі болды. 12 адам тағы да сотталушы орындығына отырды.
«Алқабилер істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім шығарды. Қылмыс оқиғасының болмауы және сотталушылардың кінәсіздігі туралы шешім кеңесу бөлмесінде дауыс беру арқылы қабылданды. Дауыс беруге 10 алқаби және 1 судья қатысып, әрқайсысы бір дауыстан ие. Дауыс беру кезінде артықшылық қарастырылмаған», – делінген сот хабарламасында.
Барлық сотталушылар кінәсіз деп танылды және оларды оңалту құқығы танылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылы әлеуметтік желіде түрмеде түсірілген видео тарады. Видеода колония қызметкерлерінің бірі белсенді Тимур Данебаевты ұстап тұрса, екіншісі соққыға жыққан. Содан кейін қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметкерлердің «өкілеттігін асыра пайдаланғанын» мәлімдеп, тергеу басталғанын хабарлады.
«Власть» сайтының жазуынша, Данебаев сотта дәретхана еденін жууға мәжбүрлегенін, орындамаған жағдайда ұрып-соққанын айтқан. Сот ол кезде де 12 адамды ақтап шыққан. Түрмеде отырғандар үкімнен кейін аштық жариялады.
Ақмола облысы прокуратурасы да үкімге келіспей, шағым түсірген.