Елде мектептерге жеткізілетін еттің сапасын QR арқылы бақылауға болады

Қазақстандықтар базарда сатып алғалы жатқан етке қатысты ақпаратты онлайн ала алады. Ол үшін базарда сатушы шығарып қойған QR код арқылы өту керек. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің брифингінде айтылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының сөзінше, қазір пилоттық режимде еттің тұтынушыға дейін жеткізілу процесі пысықталып жатыр.
«Бұл жұмысты мектептерден, ауруханалардан және балабақшалардан бастадық. Бұл мекемелер жүйеде еттің келіп түсуін тіркеп, оның қайда сойылғанын қадағалай алады», – дейді ол.
Министрлік мамандарының сөзінше, қазір базарларда да QR арқылы жылдам ақпарат алуға болады.
«Барлық базарда ет туралы ақпарат алып, сапасын бақылауға болады. Келесі кезекте мұны мейрамхана, ет дүкендері, дәмханаларға енгіземіз. QR арқылы азамат малдың иесі, қай базарда сатылғаны, кімге жөнелткені туралы анықтама ала алады», – дейді мамандар.
Бұған дейін «Vetlab» жүйесі арқылы малдың еркек не ұрғашы екенін, қай өңірде жайылғанын, иесі кім болғанын, қай уақытта сойылғанын көруге болатыны айтылды.