
Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу тәртібі өзгереді. Енді Қазақстан аумағында өндірісі бар бизнес иелерін Отандық тауар өндірушілер реестріне енгізеді. Және сол кәсіпкерлер ғана сатып алуға қатыса алады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға осындай өзгеріс енгізілді. Бұл жайлы бүгін үкіметтен хабарлады.
Реестрге тіркелу үшін ЭЦҚ арқылы қол қойылған өтінім жіберіп, өндірісті тексеруден және бағалаудан өту қажет. Тіркеу e-ondiris.gov.kz платформасы арқылы онлайн жүзеге асырылады.
«Мәліметтердің бір бөлігі мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде жүктеледі, жетіспейтін құжаттарды өтініш беруші өзі жүктейді. Жүйе «цифрлық іздер» бойынша цифрлық верификация жүргізеді, яғни өндірістік алаңдарды, жабдықтарды, рұқсат беру құжаттарын, жеткізу тізбегін, сондай-ақ электрондық шот-фактуралар мен кедендік статистика деректерін талдайды», – деп түсіндіреді үкіметтен.
Кәсіпкер тауарды сырттан әкелмей, оны Қазақстанда өндіріп жатқанын қалай дәлелдейді?
Ол үшін әрбір тауар коды (ТШҚ ТН) бойынша бекітілген арнайы технологиялық жұмыстар орындалуы тиіс. Кәсіпорын осы талаптарға сай болып, ресми тізілімге енгеннен кейін де өз мәртебесін жоғалтпау үшін тұрақты тексеруден (мониторингтен) өтіп отыруы қажет.
Отандық тауар өндірушілер реестрін құру биыл әбден талқыланған жобалардың бірі еді. Осы арқылы үкімет кәсіпкерлерді көбірек өндіріс ашуға, Қазақстанда орналастыруға ынталандырмақшы.