
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров сиыр еті бағасы не себепті өскенін айтты. Сөзінше, бағаны тұрақтандыруға 200 млрд теңге жұмсау жоспарланған.
Министр саладағы маңызды мәселенің бірі сиыр еті мен қой етін өндіру екенін айтты.
«Сыртқы нарықтардағы жоғары сұраныс сиыр еті бағасының қымбаттауына әкелді. Нарыққа бұған дейін бағаның ұзақ уақыт бойы тұрақты болғаны да әсер етті. Фермерлер көтерме саудада етті қымбатырақ сататын болды. Бұл бөлшек саудамен салыстырғанда әлдеқайда төмен, дегенмен аз да болса қымбаттады», – дейді Сапаров.
Ал фермерлерді өндіріс көлемін арттыруға ынталандыру үшін несие беру қажет.
Сөзінше, қыркүйекте мал бордақылау алаңы үшін айналымдағы қаражатына несие беру бағдарламасы іске қосылды. 2026 жылы жеңілдікпен несие беру бағдарламалары басталады.
«Жалпы алғанда салаға кемінде 200 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл сома келешекте әрі қарай ұлғаюы мүмкін. Несие аналық мал басын импорттауға да бағытталады», – дейді министр.
Айта кетейік, Астанада 26-31 желтоқсанда «Соғым-FEST» жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Онда Ақмола, Абай, Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарының шаруалары ет өнімдерін сатады.