Жаңалықтар

Иістің салдарынан Алматы метросы тоқтап қалды

метро
Иістің салдарынан Алматы метросы тоқтап қалды / Фото: BCN Group, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматы метросында өртенген заттың иісі шыққанына байланысты пойыз тоқтап, штаттан тыс жағдай орын алды, деп хабарлайды Tengrinews.kz әкімдікке сілтеме жасай отырып.

Куәгерлердің айтуынша, пойыз Байқоңыр станциясында тоқтап, шамамен 20 минут жүрмеген. Жолаушылардың бір бөлігі вагонда қалып, басқалары түсіп қалған. Жолаушылардың бірі вагонда жанған заттың иісі сезілгенін айтты.

Ахуалға Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Абай» метро станциясында сағат 18:04-те жанған заттың иісі пайда болды. Машинист жылжымалы құрамды тоқтату және жолаушыларды түсіру бойынша тиісті шаралар қабылдады. Сағат 18:20-да құрам тексеру үшін депоға жіберілді», – деп хабарлады қала билігі.

Сондай-ақ, әкімдік тасымалдауды қамтамасыз ету үшін резервтік құрам тартылғанын, ал пойыздардың қозғалысы 15 минут ішінде қалпына келтірілгенін атап өтті. Қазіргі уақытта метро штаттық режимде жұмыс істейді.

Бұл оқиғаға Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі де түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 112 пультіне Метрополитен диспетчерінен «Абай» метро станциясынан хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары жедел жіберілген.

«Дереу оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Тексеру барысында ашық жану анықталмады. Метрополитеннің мәліметінше, машинист жылжымалы құрамды тоқтату және жолаушыларды түсіру бойынша тиісті шаралар қабылдады. Құрам тексеру жүргізу үшін депоға жіберілді», – деп түсіндірді ТЖМ.

Сондай-ақ, ведомство оқиғаның себептері анықталып жатқанын, қазіргі уақытта компьютерлік диагностика жүргізіліп жатқанын айтты.