Жаңалықтар

Мешіт алдына қайыр сұрау үшін бизнес санаттағы мәшінемен келетіндер бар – Нұрлан имам

Нұрлан имам қайыр сұраушылардың көбі алаяқтықпен айналысатынын айтты / фото: KursivMedia мұрағаты
Нұрлан имам қайыр сұраушылардың көбі алаяқтықпен айналысатынын айтты / фото: KursivMedia мұрағаты

Нұрлан Имам мешіт алдына қайыр сұрау үшін бизнес санаттағы көлікпен келетіндер, алаяқтықты кәсіп еткендер бар екенін айтты.

«Нұрлан имам» деген атпен танылған имам Нұрлан Байжігітов оқырмандарының бірінің жағдайы жоқ адамдар туралы сұрағына жауап ретінде осындай уәж келтірді.  

«Үй-күйсіз жүргендерге мемлекеттің көмегі бар. Бірақ, біздің көріп жүргеніміз, мешіттің алдына тұрып алғандардың көбінің ісі – алаяқтық. Өзіне кәсіп қылып алғандар. Мешіттегі видеокамераға түскен. Қымбат таксимен,  бизнес санаттағы мәшінемен келетіндер бар. Бизнес санаттағы көлікпен келген адамның жағдайы жоқ деп кім айта алады?» – деді Нұрлан имам.

Оның айтуынша, олардың арасында шын мұқтаждар да бар. Бірақ имам қол жайғанша, еңбекпен нан табуға үгіттеді.

«Жоқ демейміз. Енді аяқтан тұрып, оңға тартса, оңға, солға тартса, солға жетпей жүрген қазақ жеткілікті. «Ұлы даланың квартиранттары» жеткілікті. Бірақ, ойбайлай бергеннен, алақан жая бергеннен ешкім жақсылық әкеліп бермейді. Сондықтан адам өзін-өзі жетектеп, талпынса, Құдай береді», – деді имам.

Мұның алдында Нұрлан имам Айда намазды қай бағытқа қарап оқу керегін түсіндірген болатын.