Ат төбеліндей топқа арналған: Смайылов «Қазақстанның Даму Банкіне» неге шүйлікті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Аудиторлар ҚДБ-ны тексерді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазақстанның Даму банкі» ат төбеліндей бизнесмендерге арналған банк болып отыр. Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов осындай баға берді. Оның айтуынша, банк ресурстарына кәсіпкерлер теңдей қол жеткізе алмайды. Ал мемлекеттік қолдау негізінен ірі және белгілі бизнесмендерге бағытталып отыр.

Аудит нәтижесі қомақты мемлекеттік қолдау алатын компаниялар қатары жыл сайын өзгермейтінін көрсеткен.

Кәсіпкерлерге деген көзқарастың өзі де біркелкі болмаған. Кейбір бизнес өкілдері тек кеңес алумен шектелсе, басқаларына қосымша түрде оқыту, көрмелерге қатысу, тіпті бизнес-жоспар әзірлеу қызметтері көрсетілген. Мұндай айырмашылықтың нақты әрі түсінікті критерийлері болмаған.

Аудит барысында бірқатар жүйелік бұзушылықтар да анықталған. Атап айтқанда, кейбір кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларға өтінім қабылдау басталатынын алдын ала біліп отырған. Ал жекелеген жобалар ашық конкурс арқылы емес, операторлар қызметкерлерінің жеке байланыстары негізінде іріктелген.

Сауалнама нәтижесі де бизнестің мемлекеттік қолдау тетіктеріне сенімі төмен екенін көрсетті. Кәсіпкерлер үшін қандай компанияға қандай пайыздық мөлшерлеме берілетіні, іріктеу қалай жүргізілетіні түсініксіз.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы дивиденд мәселесіне де назар аударды. Аудит барысында мемлекеттік қолдау алған кейбір компаниялардың сол кезеңде ірі көлемде дивиденд төлегені анықталған. Заңмен тікелей тыйым салынбағанымен, дивиденд сомасы алынған қолдаудан асып кетуі аудиторларды алаңдатады.

Әлихан Смайылов бұған дейін де «Қазақстанның Даму банкіне» қатысты сын айтқан. 2024 жылдың қыркүйегінде ол банкті «таңдаулы топқа қызмет көрсететін жеке банк» деп атаған. Сол кезде соңғы бес жылда ҚДБ-ның кредит және инвестициялық портфелінің жартысы белгілі бір топтарға тиесілі екені айтылған.

Сондай-ақ оқыңыз