
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) кеңейтілген тізімі күші кемі үш ай бойы қолданыста болады. Бұл жайлы Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Шаққалиевтің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының кеңейтілген тізімі кем дегенде бір тоқсан бойы күшінде қалады. Тізімге ет, балық, көкөніс, ірімшік және қара шайды қоса алғанда, тағы 14 атау енгізіледі.
Тиісті бұйрық 24 желтоқсанда қол қойылып, 6 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Министрдің сөзінше, қажет болған жағдайда бұйрықтың қолданылу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Ведомство мәліметінше, тізімнің кеңеюі сауда желілеріне белгілі бір жүктеме түсіріп отыр. Алайда тауарлардың басым бөлігінде маржа деңгейі 15 пайыздан аспайды.
Жалпы Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) тізімін кеңейтуді ұсынып отыр. Қазіргі тізімде 19 атау болса, жаңа жоба бұл санды 33 өнімге дейін ұлғайтуды көздейді. Жаңа тізімге қызанақ, қияр, алма, сиыр және қой етінің бірнеше түрі, балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік және қара шай сияқты тауарлар енгізілмек.