«Проблема ешқайда кеткен жоқ»: Смайылов ҚТЖ қарызы жайлы пікір білдірді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарызы әлі де күрделі мәселе болып тұрғанын айтты.

Мәжіліс кулуарында журналистер Смайыловтан жалпы ұлттық компаниялардың қарызы қандай шекте тұрғанын, ол шек қаншалықты қауіпсіз немесе қауіпті екенін сұрады. Ол былтыр аудит шеңберінде есеп берілгенін мәлім етті.

«Бір жылда ол жағдайдың күрт өзгеруі мүмкін емес. Өзгерсе сәл өзгерген жоқ. Бірақ өзгеріс болған жоқ. ҚТЖ қарыздары әлі күнге дейін өте жоғары. Оларды уақытылы өтеу, қарызды қайтару өте күрделі мәселе болып қалып отыр. Проблема ешқайда кеткен жоқ. ҚТЖ мен Самұрық-Қазына бұл мәселеге өте үлкен назарын аударуы қажет», – деді Әлихан Смайылов.

Аудиторлық палата төрағасының айтуынша, ұлттық компаниялар тарапынан мәселе бақылауда болғанымен, оның өте күрделі екенін де айтады.

«Ол оңай мәселе емес. Сол себепті олардың көп күші мен уақыты осы проблеманы бақылауда ұстауға бағытталып отыр. Проблема ешқайда кеткен жоқ», – дейді ол.

Еске сала кетейік, былтыр Жоғары аудиторлық палата ҚТЖ тиімсіз басқарудың салдарынан қиын жағдайға тап болғанын атап өткен болатын. Палата төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ теміржол операторы өз міндеттемелерін орындай алмай, дефолттың аз-ақ алдында тұрғанын мәлімдеген.

«Қазақстан темір жолы» компаниясынының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры.

ҚТЖ төрағасының қаржы жөніндегі орынбасары Дайыр Көшеровтің айтуынша, қазір компанияның кредит портфелі 3,7 трлн теңгеге жеткен. Жыл басында компания қарызы 3,9 трлн теңге болған. 11 айда қарыз азаюдың орнына, көбейіп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз