
Депутат Ирина Смирнова салық реформасының бастауында тұрғандардың қызметі нәтижесіз деген пікірде. Мәжіліс депутаты бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалған отырыста мәлімдеді.
Смирнова экономикалық және салық реформасын әзірлеуші шенеуніктердің жұмысына ашық күмән келтіріп, олардың тиімділігіне қатысты сұрақ қойды.
Депутаттың айтуынша, 1 қаңтардан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі бизнеске нақты әрі қатаң талап қойып отыр. Алайда сол реформаны дайындаған және жүзеге асырып отырған мемлекеттік органдардың, оларға қарасты мекемелердің өзінде жүйелілік пен тұтастық жетіспейді. Жоспарлауы да, қаржы жұмсау да сын көтермейді.
Депутат бұл жағдайды «біріне талап қойып, екіншісіне түсініктікпен қарау» екенін атап өтеді. Яғни кәсіпкерлер үшін нақты ереже бар, ал сол ережені бекіткендер үшін жауапкершілік әлдеқайда бұлдыр.
Смирнованың айтуынша, мемлекеттік органдар мен оларға бағынысты ұйымдардың жұмысында ортақ логика жоқ. Бір талап барлығына бірдей қолданылмай, шешімдер жүйелі түрде қабылданбайды. Осыған байланысты ол Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловқа нақты сұрақ қойды:
«Экономикалық реформаларды әзірлеу мен іске асыру барысын тиімсіз атқарған шенеуніктер қандай жауапкершілікке тартылады?
Алайда бұл сұраққа нақты жауап болмады. Смайылов Жоғары аудиторлық палата жыл сайын заңбұзушылықтарды анықтайтынын және өз құзыреті шеңберінде шара қолданатынын айтты. Бірақ кім, қашан және қандай жағдайда жауап береді деген мәселе ашық күйінде қалды.
Бұл тұста сын тек бір шенеунікке немесе бір ведомствоға бағытталған жоқ. Депутаттың айтпағы – экономикалық реформаларды талап ететін мемлекет сол талапты ең алдымен өзінен бастауы тиіс. Әйтпесе бизнеске қойылған қатаң ереже мен мемлекеттік аппараттағы жұмсақ жауапкершілік арасындағы алшақтық тереңдей береді.
Айта кетейік, «салық реформасының бастауында тұрмыз» деген тіркес бұған дейін Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің өз аузынан шыққан.
2026 жылдан Қазақстанда жаңа Салық кодексі өз күшіне енеді. 2025 жыл бойы салық-қаржы реформасын дайындаған үкімет жаңа нормалар өз күшіне енген соң бюджетке қосымша 3,4 трлн теңге түседі деп жоспарлап отыр.