Ресейде WhatsApp толық бұғатталуы мүмкін

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Егер Whatsapp Ресей билігінің талабын орындамаса, оны толық бұғаттап тастауы мүмкін. Бұл жайлы Роскомнадзор ескертті.

«Қазір Whatsapp қызметін шектеуді жалғастыра береміз. Егер ресейлік заңнама талаптары орындалмаса, онда толығымен бұғатталады», – деп ескертті ведомство.

Ұйым әлеуметтік желіні теракт ұйымдастыру, алаяқтық сияқты түрлі қылмыс ұйымдастыру үшін пайдаланады деп есептейді. Бірақ мессенджерге иелік ететін компания оның бетін қайтару үшін ешқандай әрекет жасамай отырған көрінеді.

Осы жылдың қазанынан бастап елде Whatsapp және Telegram сияқты мессенджерлердің жұмысы баяулай бастады. Роскомнадзор кезең-кезеңімен жұмысын шектеп жатырмыз деп түсіндірген.

WhatsApp мессенджерін иеленетін Meta компаниясы Ресейдегі жұмысының баяулауына қатысты мәлімдеме жасады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, компания өздерінің ресейлік аудиториясы үшін күресуге ниетті.

WhatsApp – Ресейдегі ең танымал мессенджерлердің бірі. Ол Google Play дүкеніндегі «Байланыс» санатындағы қосымшалар арасында бесінші орында тұр. Mediascope агенттігінің 2025 жылғы қазандағы деректеріне сәйкес, Ресейдегі WhatsApp аудиториясы 96,2 миллион адамды, ал Telegram аудиториясы 91 миллион адамды құрайды.

Осы жылы жазда Мемдуманың ақпараттық саясат жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Антон Горелкин WhatsApp мессенджері Ресей нарығынан кетуі мүмкін екенін айтқан. Горелкиннің пікірінше, WhatsApp-тың орнын VK компаниясы әзірлеп жатқан ресейлік ұлттық мессенджер – Max басуы мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз