Жаңалықтар

«Сотқа берсін»: Мәжілістен кеткен Гауһар Танашеваға экс-әріптесі кеңес берді

Ирина Смирнова әріптесінің мұндай мәселемен қалай бетпе-бет келгенін білмейді/фото: Асқар Ахметуллин

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұрынғы әріптесінің мәлімдемесіне қатысты ойын айтты.

Бұған дейін экс-депутат Гауһар Танашева «Азаттық радиосына» берген сұхбатында Мәжілісте депутаттар айтатын сөзін алдын ала келісіп алатынын мәлімдеген.

«Мәжілістен өз еркіммен кеткен жоқпын. Мені кетірді деп айтсам болады. Біріншіден, ең соңғы депутаттық сауалымда халықтың жағдайын көтердім. Халық пен үкімет арасында көпір жоғын айттым. Мен көтерген мәселелер мәжіліске де, партияға да ұнаған жоқ. Ол туралы тіке өзіме айтқан. Мәжілісте бәрі тексерістен өтеді. Депутаттық сауалдарым айлап жататын. Соңғы депутаттық сауалымды қоюға маған рұқсат берілмеген», – деген еді Танашева.

Айтуынша, рұқсат берілмегеніне қарамастан, депутаттық сауалын жауапты органға қойған. Сол күні өткен датамен депутаттықтан алып тастаған.

«Құқығы бұзылса, сотқа барсын»

Мәжіліс кулуарында Ирина Смирнова әріптесінің мұндай мәселемен қалай бетпе-бет келгенін білмейтінін айтты.

«Менде ыңғайсыз сұрақтар қоямын. Кейде жалпы пікірге кереғар ой айтамын. Мені ешкім тоқтатқан емес. Гауһар Танашеваның не үшін кеткені, сөзінің рас-өтірігіне қатысты пікір білдіре алмаймын. Депутаттың ротациясы туралы шешімді партия қабылдайды. Кез келген депутат ротацияға ұшырауы мүмкін», – дейді Смирнова.

Айтуынша, Танашева өзіне қатысты қандай да бір әрекетті құқыққа қайшы деп санаса, сотқа жүгінген жөн.

«Партия жарғысы, Конституция бар. Соны негізге алып, сотқа беруге болады. Елімізде әрбір адам өзінің құқығы бұзылды деп есептесе, сотқа жүгінуге құқылы. Егер менің құқықтарым бұзылатын болса, мен сотқа жүгінемін», – дейді ол.