Алматылық оқушылар теракт туралы жалған мәлімет таратқан

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
оқушы
Көрнекі сурет / фото: shutterstock

Алматы қаласында №10 мектепте оқитын үш оқушы білім мекемесіне жарылғыш зат орнатылғаны туралы жалған мәлімет таратқан. Олар сол арқылы сабақты үзгісі келген. Бұл туралы ІІМ сайты хабарлады.

Қалалық полиция теракт туралы мәлімет жалған екенін анықтады. Үш оқушының әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Құзырлы мекеме жасөспірімдер әрекетті саналы түрде жасағанын анықтады. Ал олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Терроризм актісі немесе жарылғыш зат қою туралы кез келген жалған хабар тарату құқық бұзушылыққа жатады. Оны тексеру үшін жедел қызмет жұмылдырылып, сабақ тоқтайды», – деп таратты polisia.kz.

Сол себепті полиция ата-аналарға балалардың бос уақытын, араласатын ортасын және интернеттегі белсенділігін бақылауға кеңес беріп отыр.

«Осындай әрекетті жасауға болмайтынын түсіндіруді сұраймыз. Бұл – ешқандай да әзіл емес», – деді Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әнес Қалдыбаев.

Осыған ұқсас оқиға қазан айының аяғында Петропавл қаласында болған. Полиция жарылғыш зат туралы жалған мәлімет берген адамның оқушы екенін анықтаған.

Сондай-ақ оқыңыз