Ливия армиясының қолбасшысы Түркиядағы ұшақ апатында қаза тапты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ливия армиясының қолбасшысы Мұхаммад әл-Хаддад
фото: lana.gov.ly

23 желтоқсанда кешке Ливия Бас штабының басшысы Мұхаммед әл-Хаддад пен тағы төрт ливиялық Анкара маңындағы ұшақ апатында мерт болды. Ливия үш күн аза тұтады.

Ливия ақпарат агенттігінің мәліметінше, қайғылы оқиғаны елдің Ұлттық бірлік үкіметі растады. Триполи Түркиядағы ұшақ апатын «қайғылы оқиға» деп сипаттады.

Үкімет елде үш күн Аза тұтылатынын жариялады. Мемлекеттік агенттік ұшақ апатынан қаза тапқандардың аты-жөні мен лауазымын таратты. Олар:

  • Ливия армиясы Бас штабының қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұхаммед әл-Хаддад;
  • Құрлық әскері штабының басшысы, генерал-лейтенант Әл-Фитури Грайбиль;
  • Әскери өндіріс басқармасының директоры, генерал Махмұд Әл-Катави;
  • Бас штаб басшысының кеңесшісі, профессор Мұхаммад Әл-Асави Диаб;
  • Бас штаб баспасөз қызметінің фотографы, профессор Мұхаммад Омар Ахмед Махджуб.

Ливия премьер-министрі Түркиядағы апатты зерттеу үшін Анкараға ресми делегация жіберуді тапсырды.

Түркия ІІМ дерегінше, ұшақ қалдықтары Анкара провинциясы Хайман ауданындағы Кесікқауақ ауылы маңында табылды. Falcon 50 джеті Анкарадағы Есенбұға әуежайынан Триполиге Астана уақытымен 22:10-да ұшып шыққан. Бортпен арадағы байланыс сағат 22:52-де үзілген. Анкара Бас прокуратурасы әуе апатынан зерттеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз