Банк пен қаржы

Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі банк дивиденд төледі

Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Халық банк 2024 жылдың дивидендін төлеп болды. Динара мен Тимур Құлыбаевтар отбасына тиесілі қаржы мекемесі 21 желтоқсанға дейін барлығы 228,6 млрд теңге аударды.

KASE-де жарияланған мәліметте банктің бір жай акциясы (HSBK) 21 теңгеден есептелгені айтылған.

Дивиденд төлеу 2025 жылғы 25 қыркүйекте басталған. Ал 23 желтоқсанда акционерлер алып үлгермеген 569 млн теңге «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде» ашылған арнайы шотқа аударылған. Құнды қағаз иесі қаражатты сол жерден ала алады.

Дивидендтердің басым бөлігі – 69,48%-ын Құлыбаевтар отбасы алды. Тимур мен Динара «АЛМЭКС» холдингі арқылы акциялардың көп бөлігін ұстайды. Компания шамамен 159,25 млрд теңге дивиденд алды.

2025 жылғы қарашада холдинг акцияларының бір бөлігін сатқаны мәлім. Бірақ ол дивиденд сомасына әсер етпейді. Себебі оны төлеу туралы шешім қыркүйекте қабылданған.

Forbes Kazakhstan Динараның да, Тимурдың да дәулетін 5,6 млрд доллар деп бағалады. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар дәулеттілер рейтингінде бесінші орынды бөлісіп тұр.

Халық банк биыл қаңтар-қазан айларында 811 млрд теңге таза пайда көрді.