
«Бәйтерек» ұлттық холдингі экспортты қолдауға бөлінген шамамен 1 трлн теңгенің 35%-ын «Қазмырыш» компаниясына бөлген. Депутат Ерлан Сайыров Үкіметтің трансұлттық компанияны қолдау себебін сұрады.
Мәжілістің 24 желтоқсандағы жалпы отырысында кәсіпкерлерді қолдау мәселесі талқыланды. Депутат Сайыров ұлттық холдинг басшысынан үкіметтің трансұлттық компаниясына көмектесу себебін сұрады.
«Қазмырыш» жартылай дайын өнім экспорттайды. Бір қызығы, ол биржада сауда жасайтындықтан, алдын ала төлем жүйесімен жұмыс істейді. Сұрақ: Неге Glencore трансұлттық компаниясына кредит бердіңіздер?», – деп сұрады депутат.
Оның пікірінше, Қазақстанда жүргеніне 20 жыл болған корпорация осы уақытта «елдің технологиясы жоғары өндірісін дамытуға бір түйір үлес қосқан жоқ».
«Қазмырыштың» негізгі қожайыны – швейцариялық Glencore International корпорациясы. Ол компания акцияларының шамамен 70%-ына ие. Ал «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының үлесі – шамамен 30%.
Депутат сауалына жауап берген «Бәйтерек» холдингінің басшысы Рустам Қарағойшин «Қазмырыш» қазақстандық компания екенін атап өтті. Топ-менеджер экспорт өте күрделі сала деп есептейді.
«Қазір біз технологиясы жоғары бағыттарға көп көңіл бөлеміз, бірақ олар өте баяу дамып жатыр», – дейді Қарағойшин.
Оның айтуынша, қазір әлемдегі металлургия саласында қиындықтар болып жатыр, сондықтан экспорттаушылар қолдауға зәру болып отыр.
Glencore «Қазмырыштағы» үлесін қазақстандық кәсіпкерлерге сатуы мүмкін екені туралы мәлімет 2025 жылғы қарашаның аяғында пайда болған. Оған Шахмұрат Мүтәліп (Integra Construction) пен Нұрлан Артықбаев (Qazaq Stroy) қызыққан.
Қазір Мүтәліпов ERG (Eurasian Resources Group) корпорациясы акцияларының ауқымды бөлігін сатып алғысы келетіні туралы мәлімет тарап жатыр, бірақ сауда аяқталғаны жөнінде ресми ақпарат жоқ.