Тұмау мен ЖРВИ-ді емдеу туралы 7 миф

Жарияланды 24 Желтоқсан 2025 12:13

Юлия Лебедева

Юлия Лебедева

вирусы
фото: ашық дереккөзден

Тұмауратып қалғанымызда пайдасын тигізеді деген халық емі көп. Шұғыл антибиотик ішуден бастап, бұрыш қосылған араққа, картоптың буына дем алуға, банкі қоюға және уыс-уыс дәрумендер ішуге дейін бар. Олардың бір бөлігі зиянсыз болса, екінші бөлігі ағзаның инфекциямен күресуіне ашықтан-ашық кедергі келтіреді және қосымша қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінгі материалда ЖРВИ-ді (ОРВИ) емдеу туралы сондай ең танымал 7 мифті талдап көруге тырыстық.

1-миф. Кез келген тұмау кезінде бірден антибиотик ішу керек Тұмау мен басқа да ЖРВИ-дің басым көпшілігінің қоздырғышы – бактериялар емес, вирустар. Антибиотиктер бактериялық инфекцияларды емдеу үшін ойлап табылған: олар бактерияларды өлтіреді немесе олардың көбеюіне кедергі жасайды, бірақ вирустарға мүлдем әсер етпейді. Сондықтан мұрын бітелу, тамақ ауруы және жөтел кезінде бактериялық асқыну нышандары болмаса, «әрмен қарай асқынып кетпесін» деп антибиотик қабылдау сауығуды тездетпейді және симптомдарды жеңілдетпейді.

Дәрігер антибиотиктерді адамда өздігінен жазылуы екіталай, ұзаққа созылуы мүмкін сондай-ақ аурудың ауыр өту қаупі жоғары болған жағдайда тағайындай алады. Бірақ бұл препараттардың жанама әсерлері бар. Асқазанның бұзылуынан бастап аллергиялық реакцияларға дейін кездесуі мүмкін. Антибиотиктерді негізсіз қабылдаудан бас тартудың тағы бір себебі: бұл препараттарды қажетсіз неғұрлым жиі қолдансақ, бактериялардың оларға «үйреніп» алуы және дәрілердің әсер етпей қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Сондықтан ең қауіпсіз стратегия — «әрмен қарай керек болар» деп рецепт сұрау емес, қазіргі жағдайдың шынымен бактериялық инфекция екенін және қандай құралдар жақсы көмектесетінін дәрігермен талқылау.

2-миф. Егер жақсылап терлесең, тұмау бір түнде жазылады Ауырып жүргенде ыстық душ, жылы шай және көрпе шынымен де мұрынның бітелуін және тамақтың ауруын сәл жеңілдетуі мүмкін. Бірақ бұл вирусты тер арқылы «айдап шығу» емес, тек ағзаға қолдау көрсету тәсілі ғана. Тұмауды вирустар тудырады және олар ағзаға түсіп, көбейе бастағаннан кейін, терлеу аурудың себебіне ешқандай әсер етпейді.

Ауыр жаттығулар жасау және спортзалда немесе өте ыстық ванна арқылы терлеуге тырысу – онсыз да инфекциямен күресуге күш жұмсап жатқан ағза үшін артық стресс. Қатты қызып кету және сусыздану сауығуды тездетудің орнына, көңіл-күйді нашарлатуы мүмкін. Көрпе астында немесе тренажерларда «ерлік» жасағанша, дәрігерлердің ұсыныстары әлдеқайда сабырлы: көбірек су ішу, демалу, ауаны ылғалдандыру, темекі шекпеу және қажымау – осылайша сіз иммундық жүйеңізге өз жұмысын істеуге көмектесесіз, тіпті тұмау бір түнде емес, бірнеше күнде жазылса да.

3-миф. Температураны түсіруге болмайды: ол неғұрлым жоғары болса, ағза соғұрлым тез жеңеді Температура көтерілуі – иммундық жүйенің инфекцияға қалыпты реакциясы. Ағза вирустармен және бактериялармен жақсырақ күресу үшін дене қызуын әдейі көтереді. Ересек адамда ауыр созылмалы аурулар болмаса және симптомдарға төзуге болса, 38 °C-қа дейінгі температура жиі дәрі-дәрмекті қажет етпейді. Бірақ бұл кез келген жағдайда шыдау керек дегенді білдірмейді.

Ыстық түсіретін дәрілер емес, тым жоғары және ұзақ уақыт сақталатын температура қауіптірек. 40 °C және одан жоғары көрсеткіштер кезінде, әсіресе балаларда, қарттарда және созылмалы аурулары бар адамдарда асқыну қаупі артады. Температура бірнеше күн бойы түспесе, аяқ-қол тырысып қалса, шұғыл дәрігерге көріну керек.

4-миф. Алкоголь, бұрыш қосылған арақ және ыстық шарап тұмауды емдейді. Алкоголь ағзадағы вирустарды өлтірмейді және аурудың ұзақтығын қысқартпайды. Бұл емделуге кедергі келтіретін миф. Тұмау мен ЖРВИ кезінде ішімдік бауыр мен жүрекке қосымша салмақ түсіреді, ұйқыны бұзады, ағзаны құрғатады және мұрынның бітелуін күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, алкоголь көптеген тұмауға қарсы дәрілермен нашар үйлеседі, жанама әсердің қаупі артады.

Көптеген адамдар «бұрыш қосылған араққа» немесе ыстық шарапқа теңейтін жылу мен жеңілдік сезімін, шын мәнінде, алкоголь емес, жылы сусын, бал, лимон және демалу фактісі береді.

5-миф. С дәрумені, иммуномодуляторлар және тұмауға қарсы таблеткалар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. С дәрумені иммундық жүйенің қалыпты жұмысы үшін маңызды, бірақ ол тұмауға қарсы «сиқырлы таблетка» емес. Үлкен дозалар кейбір адамдарда симптомдардың ұзақтығын сәл қысқартуы мүмкін, бірақ инфекцияның өзінен сенімді қорғамайды және оны лезде емдемейді. Сонымен қатар шектеулер бар: бүйрек ауруы бар адамдарға С дәрумені қоспаларын қабылдауға болмайды, жүкті әйелдерге жоғары дозалар ұсынылмайды.

Медициналық мағынадағы иммуномодуляторлар – бұл тұмауға қарсы құралдар емес, аутоиммундық ауруларды, онкологияны және басқа да ауыр жағдайларды емдеуге арналған маңызды препараттар. Және дәрігерлер оларды ЖРВИ-ді емдеуге ұсынбайды. Тұмауға қарсы таблетканың өзі де симптомдарды жеңілдетуі мүмкін, бірақ вирустың өзіне әсер етпейді. Сондықтан мүмкіндігінше дәрігердің өзімен жеке кеңескен дұрыс.

6-миф. Картоптың буына дем алу және банкі қою. Картоп салынған кастрюльдің үстінде ингаляция жасау және арқаға банкі қою жиі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тексерілген құралдар сияқты көрінеді. Бірақ заманауи клиникалық ұсыныстарда да, дәрігерлерге арналған құралдарда да мұндай кеңестер жоқ. Ресми ұсыныстарда мұрын бітелуі мен жөтел кезінде ылғалдандырылған салқын ауа, мұрынды тұзды ерітінділермен шаю, жеткілікті мөлшерде су ішу керек дейді. Қайнап тұрған судың буымен дем алу тері мен шырышты қабаттардың күйіп қалу қаупіне байланысты қауіпті, ал «жылыту» әсері тыныс алу жолдарындағы вирусқа таралмайды.

Банкілер мен кеуде қуысын агрессивті жылыту да ЖРВИ кезіндегі қауіпсіз және тиімді әдістер тізіміне кірмейді. Температура, іріңді синусит, жүрек және тамыр мәселелері кезінде артық жылу жағдайды нашарлатуы, ісінуді және ағзаға түсетін салмақты арттыруы мүмкін. Сондықтан экстремалды жылудың орнына тыныс алу мен жөтелді жеңілдетудің жұмсақ, дәлелденген тәсілдерін таңдаған дұрыс.

7-миф. Егер тұмауды емдемесең, ол 7 күнде жазылады, ал емдесең – бір аптада. Бұл әзілдің ұтымды түйіні бар: асқынбаған ЖРВИ-дің көпшілігі шынымен де 7–10 күнге созылады, өйткені ағзаға вирусты жеңу үшін уақыт керек. Тиісті мөлшерде су ішу, демалу, ауаны ылғалдандыру, ауырсынуды басатын, ыстық түсіретін дәрілер, мұрынға арналған тұзды спрейлер және жөтелге қарсы бал сияқты жұмсақ симптомдық құралдар ауруды жеңіл өткеруге көмектеседі.

Симптомдарды елемеу де ең жақсы стратегия емес. Егер температура бірнеше күннен артық сақталса, тыныс алу қиындаса, жөтел күшейсе, айқын әлсіздік немесе басқа да мазасыз белгілер пайда болса, дәрігерге жүгіну қажет.

Сондай-ақ оқыңыз