Жаңа жыл қарсаңында кинотеатрларда қандай фильмдер көрсетіледі

Жарияланды 24 Желтоқсан 2025 15:37

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

25 желтоқсаннан бастап Қазақстан кинотеатрларында түрлі жанрдағы жаңа фильмдер көрермен назарына ұсынылады. Анимация, шытырман оқиға, қорқыныш пен отандық драмалық туындылар бір мезетте прокатқа шығады.

«Дәстүр. Теріс бата»

Хорор жанрында танылған отандық «Дәстүр» фильмінің екінші бөлімі көрерменге жол тартады. Алайда бұл фильм алғашқы «Дәстүрдің» жалғасы емес, мүлдем басқа оқиға желісімен өрбитін тағы бір туынды.

Фильм жалғызбасты ана Гүлжанның жоғалған қызы Дананы іздеуінен басталады. Іздеу барысында қорқынышты шындықты біледі: қызды ауылда тұратын қариялар ұрлап, көне салт-жора – теріс батаға дайындап жатыр. Бұл туынды ұлттық дәстүр, үрей мен ана махаббаты тақырыптарын терең қозғайды.

Qazaq Alemi 2

Нұрлан Қоянбаевтың кезекті фильмі. Қарапайым тарих пәнінің мұғалімі Данияр күтпеген жерден өзгенің мәселесінен пайда табатын адамдар әлеміне тап болады. Оның жолы шетел асып, күмәні мен өмірлік таңдауларына әкеледі. Фильм жауапкершілік, таңдау және өз тамырыңа адал болу туралы сыр шертеді.

Ысқыш Боб

Әйгілі Ысқыш боб (Губка Боб) пен оның адал досы Патрик мұхиттың ең терең тұңғиығына сапар шегеді. Олар Голландецтің елесімен кездесуді мақсат етеді. Алда – қауіпті сынақтар, тылсым теңіз құпиялары күтіп отыр. Осы уақытта Крабс мырза мен Сквидвард Ысқыш Бобты құтқару үшін оның ізіне түседі.

Анаконда

Бір кездері бірге фильм түсіруді армандаған ескі достар тобы күтпеген жерден «Анаконда» фильмінің құқық иегеріне айналады. Шағын бюджет пен инвесторсыз қалған олар ремейк түсіру үшін Бразилияға аттанады. Кино түсіреміз деп барған достар алып жылан Анаконданың шабуылына тап болып, өмір үшін күреседі.

Аталмыш төрт фильм де 25 желтоқсаннан бастап, кинотеатрларда көрсетіледі. Еске сала кетейік өткен аптада прокатқа шыққан «Аватар: От пен күл» фильмі 962 млн касса жинап, алғашқы күндері рекорд орнатқан.

Сондай-ақ оқыңыз