Кәсіпкерлерге бөлінген қаражат толық көрсетілмеген – Жоғары аудиторлық палата

Қазақстанда кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көлемі кемінде екі есе төмен мөлшерде көрсетілген. Бұл туралы Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы саладағы саясатты қалыптастыруға жауапты Ұлттық экономика министрлігі бизнеске көрсетілетін қолдау туралы деректерді төмендетіп көрсеткен. 2019–2024 жылдар аралығында мемлекет кәсіпкерлерге 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.
«Мемлекет басшысы 2024 жылғы қыркүйекте барлық мемлекеттік қолдау шарасына түгендеу жүргізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірледі. Жұмыс алға жылжыған сияқты болды. Бірақ аудит бұл жұмыстардың шала жүргізілгенін көрсетті. Тізілім сапасы жеткіліксіз. Ол Кәсіпкерлік кодексінде көзделген қолдау шараларының барлығын толығымен қамтымайды. Тізілімде өзектілігін жоғалтқан шаралар кездеседі», – деді Смайылов мәжіліс отырысында.
Сондай-ақ ол көрсетілген қолдау шараларының әсерін бағалау әдістемесінде айқындық жоқ екенін атап өтті. Тиімділікті бағалаудағы басты назар тек сандық көрсеткіштерге ауысып кеткен, мысалы, жұмыс орындарының саны мен төленген салықтармен шектеледі. Ал өндіріс көлемінің артуы, қосылған құн, бизнестің қаржылық тұрақтылығы сияқты экономикалық нақты әсерлер есепке алынбайды.
Бұған қоса, барлық операторлар мен мемлекеттік органдар дерек енгізуге тиіс «Бақылауда» ақпараттық сервисі заң жүзінде бекітілмеген. Алайда бұл жүйеге енгізілетін ақпараттың дұрыстығы мен сапасына ешкім жауап бермейді.
Мұның алдында Жоғары аудиторлық палата Қаржы министрлігіне қарасты «Электрондық қаржы орталығы» (ЭҚО) АҚ қызметіне жүргізілген аудитті қорытындылады. Мемлекеттік сатып алу саласы операторының жұмысынан жүйелі кемшіліктер анықталған. Аудит барысында 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды. 13,5 млрд теңге қаражат орынсыз жоспарланып, тиімсіз пайдаланылған.