Мемлекеттің бизнесті қолдауға бөлген жүздеген миллиард қаржысы ысырап болды

Жоғарғы аудиторлық палата бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету жүйесінде жүздеген миллиард теңгеге бұзушылықтарды анықтады.
Ақша толық игерілмеген
Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, бірқатар жобалар бойынша қаржыландыру көлемі артық көрсетілген, ал шығындар мақұлданған жеңілдетілген несиелер сомасына сәйкестендірілген. Бір жағдайда 20 млрд теңге, яғни қарыз сомасының 16%-ы игерілмей, кейіннен кері қайтарылған.
Кейбір бизнес субъектілері мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде иелеріне дивидендтер төлеген, сондай-ақ қаражаттың соңғы алушыларға дейін кешігіп жеткен фактілері де тіркелген.
«Мемлекеттік қолдау шараларын алушыларға қарсы міндеттемелер қойылуы тиіс. Егер олар орындалмаса, қаржы кері қайтарылуы керек. Алайда мұндай талаптар әрдайым көзделмеген. Соның салдарынан, Павлодарда 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған зауыт, шын мәнінде, салынбаған», – деді Смайылов.
Кейбір жағдайларда қарсы міндеттемелер тым жеңіл болған. Мысалы, құны 37 млрд теңгелік бір жобада салық көлемін арттырумен қатар, тек бір жұмыс орнын ашу жеткілікті болған.
Аудит нәтижесінде
Жалпы, аудиторлар 133 млрд теңгенің тиімсіз жоспарлау мен бюджет қаражатын пайдалану фактілерін, 132 млрд теңгеге қаржылық есептіліктің бұрмалануын және 13 млрд теңге көлеміндегі қаржылық заңбұзушылықтарды анықтады.
«14 материал құқық қорғау органдарына беріледі. 105 материал бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жолданды. Әрбір анықталған кемшілікке қатысты нақты тапсырмалар мен ұсынымдар берілді. Олардың орындалуын Жоғарғы аудиторлық палата бақылауда ұстайтын болады,»– деді Смайылов.
Cондай-ақ Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қазіргі қызметіне қатысты бірқатар сын айтты. Оның айтуынша, бастапқыда өңірлік даму институттары ретінде құрылған бұл құрылымдар бүгінде басқа функциялармен айналысып отыр.