Жаңалықтар

Шығынмен жұмыс істеуде: Смайылов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметін сынады

Фото: auditpalatasy

Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қазіргі қызметіне қатысты бірқатар сын айтты. Оның айтуынша, бастапқыда өңірлік даму институттары ретінде құрылған бұл құрылымдар бүгінде басқа функциялармен айналысып отыр.

«Корпорациялар мемлекет пен бизнес арасындағы байланыстырушы буын, өңірлік деңгейде приоритетті жобаларды іске асыру құралы болады деп болжанған еді. Алайда іс жүзінде олар үлестік қатысу, жалға беру, сенім білдірілген агенттердің қызметі сияқты бағыттарға ауысып кетті», – деді Әлихан Смайылов мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, бұл жағдайға орталық мемлекеттік орган тарапынан жүйелі үйлестіру мен стратегиялық басқарудың болмауы себеп болып отыр. Бүгінде көптеген ӘКК-нің нақты мақсаты, бірыңғай даму бағыты мен түсінікті қызмет моделі жоқ.

Смайылов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың кәсіпкерлерді тек жеңілдетілген несие беру арқылы ғана қолдайтынын да атап өтті. Алайда бұл бағытта да бірқатар заңнамалық мәселе бар.

Сондай-ақ ЖАП төрағасы корпорациялар уәкілетті мемлекеттік органның бақылауынан тыс қалып отырғанын айтты. Бұл жағдай бәсекелестік ортаны шектеп, тұрақты экономикалық нәтижелердің қалыптасуына кедергі келтіреді.

«Мемлекеттік активтердің әжептәуір берілуіне және тұрақты қаржылық қолдауға қарамастан, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көпшілігі қызметін шығынмен жүзеге асыруда», – деді Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы.

Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау көлемі кемінде екі есе төмен мөлшерде көрсетілгенін де айтып өтті.