Жүріс қоры 1300 км: 2026 жылы жаңа гибридті Volkswagen Passat сатылымға шығады

SAIC-Volkswagen бірлескен кәсіпорны ресми түрде Passat ePro седанын таныстырды. Жаңа буындағы гибридті платформа негізінде жасалған бұл автокөлік Қытайда 2026 жылы сатылымға шығады.
Carnewschina мәліметінше, қуат көзіне қосылатын гибрид (PHEV) алғаш рет Гуанчжоу автосалонында көрсетілді. Бұл модель Volkswagen Passat желісінің келесі даму кезеңі болып саналады, ол жаңартылған дизайн мен отынды үнемдеудің озық технологияларын біріктірген.
Passat-тың сыртқы келбеті брендтің заманауи стилінде жасалған. Алдыңғы бөлігінде Tech Smart Eye матрицалық жарықдиодты шамдар орнатылған. Артқы бөлігінде «шағала қанаты» үлгісіндегі шамдар мен премиум сипатқа баса назар аударатын қызыл түсті жарық логотипі бар.

Седанның өлшемдері: ұзындығы – 5017 мм, ені – 1850 мм, биіктігі – 1489 мм, дөңгелек базасы – 2871 мм. Сатып алушыларға 17 немесе 18 дюймдік дискілер ұсынылады.
Цифрлық интерьер
Жаңа модель салонына келсек, мұнда бірнеше дизайнның үйлесімін байқауға болады. Ортасында 12,9 дюймдік мультимедиялық экран, оған 10,3 дюймдік цифрлық аспаптар панелі мен алдыңғы жолаушыға арналған бөлек дисплей қосылған.

Көлік қуаты мен жүріс қоры
Жаңа «Фольксваген Пассат» 1,5 литрлік EA211 EVO II қозғалтқышына негізделген гибрид жүйемен жабдықталған. Оның қуаты 95 кВт. Онымен қатар жұмыс істейтін электр қозғалтқышының қуаты – 145 кВт (194 а.к.). 22 кВт·сағ сыйымдылықтағы тартқыш батарея CLTC циклі бойынша 150 км-ден астам қашықтықты таза электрмен жүруге мүмкіндік береді.
Басты артықшылығы 1300 км-ге жететін жалпы жүріс қоры. Бұл Passat ePro моделін өз класындағы ең ұзақ жүретін седандардың біріне айналдырып, Қытай нарығындағы позициясын күшейтеді.