
2026 жылы Қазақстанның автокөлік нарығы тұрақты өсімін жалғастырады, баға жағынан жаңа отандық темір тұлпарларға қатысты айтарлықтай өзгеріс болмайды. Алайда қолданыста болған көліктер сегментінде жүйелі мәселелер қордаланып жатыр. Бұл туралы журналистермен кездесуде Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Макашева айтып, алдағы кезеңде нарыққа әсер ететін негізгі үрдістерге тоқталды.
Автоодақтың болжамына сәйкес, ресми дилерлер арқылы сатылатын жаңа автокөліктердің бағасы сәл қымбаттамайды. Импорттық жаңа көліктер сегментінде бағаның өсуі 4-5% деңгейінде күтіледі. Бұл өсім 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығының 12%-дан 16%-ға дейін ұлғаюына байланысты. Ал елде құрастырылған автокөліктер бағасы анағұрлым тұрақты болып қала береді. Алматыда жаңа мультибрендті зауыттың іске қосылуына байланысты кейбір модельдердің бағасы 2-17% аралығында арзандаған. Анар Макашеваның айтуынша, жергілікті өндірісті арттыру мен ішкі өндірісті дамыту салықтық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Отандық автокөліктердің артықшылықтары неде
Автоодақ басшысы автокөлікті сатып алу бағасы – шығындардың тек бір бөлігі екенін атап өтті. Көлік иелерінің негізгі шығыстары техникалық қызмет көрсету мен қосалқы бөлшектерге тиесілі. Сыртқы нарықтардағы тұрақсыздық, логистиканың мәселелер және валютаға қатысты тәуекелдер артуы импорттық көліктерді тізгіндеуді барған сайын қымбаттатып отыр.
«Осы тұрғыдан алғанда, қазақстандық өндірістегі автокөліктер тиімдірек, өйткені зауыттар тек құрастыруды ғана емес, сервистік қызмет пен бөлшектердің қолжетімділігін де қамтамасыз етеді», – дейді Анар Макашева.
Электромобильдер: жеңілдіктер, квоталар және «сұр» нарық
Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары қарқынды дамыған, бірақ бірқатар осал тұстары бар электромобильдер нарығына ерекше назар аудару қажет. Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі міндеттемелерге сәйкес, Қазақстанда электромобильдерге нөлдік кедендік баж салығы қолданылады. Ал гибридті көліктер үшін баж мөлшерлемесі 15% деңгейінде белгіленген. Бұл баға айырмашылығын қалыптастырып, түрлі айналма схемалардың пайда болуына себеп болып отыр.
Бұған дейін ЕАЭО аясында жеке тұлғаларға арналған 15 мың электромобильді бажсыз әкелуге квота берілген болатын. Алайда ҚАО деректеріне сүйенсек, бұл көліктердің басым бөлігі ел ішінде қалмаған. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында аталған жеңілдікпен әкелінген шамамен 4 мың ғана электромобиль бар, ал қалғаны одақтың басқа елдеріне, соның ішінде Ресейге қайта сатылған. Бұл жеңілдіктердің коммерциялық мақсатта пайдаланылғанын көрсетеді.
«Мұндай схемалардың салдары қазірдің өзінде байқалуда. ЕАЭО елдерінде, әсіресе Ресейде, жеңілдікпен әкелініп, кейін қайта сатылған электромобильдер бойынша қосылған құн салығы мен кедендік төлемдерді қосымша төлету жүргізілуде. Көп жағдайда бұл шығындар соңғы иесінің мойнына жүктеледі, өйткені «сұр» делдалдар мұндай сәтте жалтарып кетеді», – дейді ҚАО басшысы.
Тізгінделген көліктер нарығы «сұр» схемалардың қысымында
Автоодақты ең қатты алаңдатып отырған мәселе – қолданыста болған автокөліктер нарығындағы жағдай. Қазақстанда соңғы кезде заңнама бойынша мәселелері бар көліктерді қайта сату фактілері жиілеп кеткен.
«Ең қауіпті схемалардың бірі – Қытайда лизингте тұрған автокөліктерді елге әкелу. Экспорт кезінде мұндай көліктердің лизингтік мәртебесі әрдайым тіркеле бермейді, нәтижесінде олар Қазақстанда қарапайым қолданыстағы көлік ретінде сатылады», – деген спикер алайда біраз уақыттан кейін лизингтік компания өз мүлкін тауып, көлікті жаңа иесінен тартып алатынын түсіндірді.
Анар Макашеваның айтуынша, мұндай жағдайлардың саны күннен-күнге артып келеді, ал сатып алушылар көліксіз де, ақшасыз да қалады. Сондықтан қайталама нарықтан көлік аларда осындай тәуекелдер барын ескертеді.
Ескерту: көлік алам деп түксіз қалма!
Мәселе тек Қытайдан әкелінген көліктермен шектелмейді. Қазақстан нарығына Грузия, Канада, БАӘ және басқа да елдерден сан түрлі автокөліктер әкелінуде. Олардың арасында ұрланған, VIN-нөмірлері өзгертілген, су тасқынынан кейін қалпына келтірілген және оң рульді сол рульге қолдан өзгертілген автолар кездеседі. Мұның айқын мысалы – Атыраудан Грузияға демалысқа бет алған бір отбасының жағдайы. Олар Грузияға шекарасына жеткен кезде өз көлігі Канадада ұрланған ретінде тіркелгенін білген. Көлік Қазақстанда тіркеуден өтіп, бірнеше рет қайта сатылғанына қарамастан, ақыры иелерінен тартып алынып, Канададағы адамға қайтарылған. Нәтижесінде отандастарымыз көліксіз қалған.
«Көп жағдайда зардап шегетін – соңғы сатып алушы. Себебі «сұр» сатушылар көлікті тікелей жеке тұлғаның атына рәсімдеп, өздерін жауапкершіліктен толықтай босатады. Қазақстанда тіркеудің болуы автокөліктің халықаралық дерекқорлар бойынша «таза» екенін білдірмейді. Қазіргі таңда eGov арқылы көлікті тек Қазақстан аумағында ғана тексеруге болады, бұл сатып алушыны толық қорғауға жеткіліксіз», – деп түсіндірді Анар Мақашева.
Қандай шаралар дайындалып жатыр
Анар Макашеваның айтуынша, нарық қатысушылары бұл жағдайды жан-жақты зерттеп, қолданыста болған автокөліктерді сатып алу кезінде тексеру алгоритмін әзірлеуде. Халықаралық жүйелер арқылы автокөліктерді қадағалау тетіктерін енгізу жоспарланып отыр. Бұл ұсыныстар келесі жылы көпшілікке таныстырылады. Сонымен қатар ол ресми дилерлердің мұндай тәуекелдерге жол бермейтінін атап өтті, себебі олар тарихы толық расталмаған көліктерді сатып алмайды.