
Қазақстанның 40 мыңға жуық мемлекеттік қызметшісі қызметтік хат алмасу үшін отандық Aitu мессенджерін пайдаланады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді.
Оның айтуынша, отандық қосымшаға көшу қызметтік ақпаратты тасымалдау үшін шетелдік мессенджерлерді пайдалануға тыйым салатын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
«Aitu-дың, меніңше, бір миллионнан астам қолданушысы бар. Біздің алдын ала бағалауымыз бойынша, мемлекеттік қызметшілердің жартысынан астамы, яғни 40 мыңға жуығы қазірдің өзінде осы қосымшаны пайдаланады. Мессенджер арқылы берілетін барлық деректер Қазақстан аумағында қалады және елімізде орналасқан орталықтарда өңделеді», – деді Мун Сенат кулуарында.
Вице-министр барлық мемлекеттік қызметшілердің Aitu-ға толық көшуінің нақты мерзімі әлі белгіленбегенін атап өтті. Кейбір қызметкерлер жұмыс ерекшелігіне байланысты мессенджерлерді мүлдем пайдаланбайды және хат алмасуды тек ресми құжат айналымы аясында жүргізеді.
Осы жылы тамызда ЖИ министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметкерлерді ұлттық әлеуметтік желілерді пайдалануға міндеттеуі мүмкін деген еді.