Жаңалықтар

Астанада көп балалы отбасыларға берілуі тиіс 170 пәтерді заңсыз иеленбек болған

Мемлекетке 2,3 млрд теңге шығын келтірмек болған / Фото: .kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанада көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналуы тиіс тұрғын үйлерді заңсыз иемденуге бағытталған әрекет дер кезінде тоқтатылды. Құны 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді өз пайдасына иемденуді көздеген схема әшкереленді. Бұл туралы қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.

Тергеу дерегінше, бұрын тұрғын үй кооперативін басқарып, пайшылардың қаржысын жымқырғаны үшін сотталған азамат бостандыққа шыққан соң да заңсыз әрекетін жалғастырған. 2014–2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған Байжұманов 8 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Бостандыққа шыққан соң ол әлеуметтік мақсаттағы пәтерлерге көз тігіп, жалған құжаттар арқылы оларды өзге адамдардың атына рәсімдеген.

Нәтижесінде 80-нен астам адам жәбірленуші ретінде танылып, 170 пәтер заңсыз бөлінген. Кейін бұл баспаналар үшінші тұлғаларға сатылуы тиіс болған.

Құқық қорғау органдары уақытында әрекет етіп, әлеуметтік тұрғын үйді табыс көзіне айналдыруға жол бермеді. Күдіктілер қамауға алынып, іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Бұған дейін юджеттің 120 млн теңгесіне пәтер мен қымбат көлік алған шенеуніктер ұсталған.