BMW, Mercedes немесе Audi: Қазақстанда «үлкен неміс үштігінің» қайсысы көш бастап тұр

Жарияланды
BMW, Mercedes немесе Audi: Қазақстанда «үлкен неміс үштігінің» қайсысы көш бастап тұр
коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылы Қазақстанның автомобиль нарығы тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Қазақстан автомобиль одағының деректеріне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы 11 айында елде 207,6 мыңнан астам жаңа автокөлік сатылған. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6%-ға жоғары. Аталған көрсеткіш нарық үшін рекорд болып есептеледі.

Өсімнің негізгі себептері – тұтынушылық сұраныстың артуы, автонесиелеу бағдарламаларының қолжетімділігі, көлік түрлерінің артуы және дилерлік акциялар.

Брендтер бойынша жалпы статистика

Жалпы нарықтағы өсімге қарамастан, неміс автомобиль брендтері – BMW, Mercedes-Benz және Audi Қазақстанда жаппай сұранысқа ие маркалар қатарына кірмейді. Нарықтың негізгі бөлігін азиялық және америкалық брендтер, соның ішінде Hyundai, Chevrolet, Kia және соңғы жылдары белсенді түрде дамып келе жатқан қытайлық маркалар алып отыр. 

Қазақстан автомобиль бизнесі қауымдастығы мәліметтеріне сүйенсек, неміс премиум-брендтерінің сатылым көлемі нарық көшбасшыларымен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Дегенмен премиум-сегментте оң динамика бар: сарапшылардың бағалауынша, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Audi сатылымы екі есеге жуық өскен. Ал бірінші тоқсанда бренд 200-ден аса көлік сатқан.

Ал BMW 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 207 авто саудалады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңінен жоғары. Былтыр бұл кезеңде бренд 155 көлік сатқан. Ал 2023 жылы неміс көліктерінің «жағдайы жақсы» болды деуге келеді. Себебі сол тұста 698 авто өз иесін тапқан екен. Әрине, бұл жаппай сатылатын қытайлық немесе кореялық брендтерден анағұрлым аз.

фото: shutterstock

2025 жылдың қаңтар-мамырында 178 қазақстандық Mercedes-Benz иесі атанды. Алайда 2024 жылдың сәйкес кезеңінде диллер 251 темір тұлпар сатқан екен. 

Премиум-сегменттегі неміс маркаларының орны 

Неміс маркаларының негізгі орын премиум-сегментте. Audi мен Mercedes-Benz Қазақстан нарығында люкс және бизнес-класс автомобильдері арасында ерекше танымалдыққа ие. 2025 жылы премиум-класс автомобильдерінің жалпы сатылымы жылдық есепте 50%-дан астам өсім көрсеткен. Алайда бұл өсім тек неміс брендтерінің есебінен емес, сонымен қатар Lexus, Cadillac, Infiniti сияқты өзге де премиум-маркалардың нарықтағы белсенділігімен байланысты. Соған қарамастан, премиум-сегменттің жалпы көлемі әлі де шектеулі болып отыр, яғни жалпы қолжетімді нарықпен салыстыруға да келмейді.

«Үлкен неміс үштігі» ұғымы және оның маңызы

фото: shutterstock

«Үлкен неміс үштігі» – әлемдік автомобиль индустриясында кеңінен қолданылатын бейресми, бірақ мағынасы терең ұғым. Бұл атау Германияның үш жетекші премиум-автомобиль брендін біріктіреді: BMW, Mercedes-Benz және Audi. Аталған компаниялар ондаған жылдар бойы автомобиль сапасы, инженерлік шешімдер, қауіпсіздік талаптары мен технологиялық инновациялар саласында көпке үлгі ретінде қабылданып келеді.

Бұл үш бренд жаһандық нарықта бизнес-класс пен люкс сегменттің негізгі ойыншылары саналады. Олардың әрқайсысының өзіндік философиясы мен тұтынушыға ұсынатын ерекше құндылықтары бар.

Қазақстан нарығында да «үлкен неміс үштігі» премиум-сегменттің бет-бейнесін айқындап отыр. Бұл брендтер негізінен табысы жоғары, сапа мен имиджге мән беретін тұтынушыларға бағытталған. Неміс автокөліктері қазақстандық нарықта тек көлік құралы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мәртебенің, тұрақтылық пен сенімділіктің символы ретінде қабылданады.

фото: shutterstock

Алайда неміс көліктері жаппай сұранысқа ие емес

Неміс автокөліктерінің жаппай сұранысқа ие болмауының бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, баға факторы. Импортталатын неміс автомобильдері орташа қазақстандық сатып алушы үшін қымбат саналады. Валюта бағамының құбылуы мен инфляциялық қысым бұл көліктердің бағасын одан әрі өсіреді. Екіншіден, азиялық брендтердің күшейген бәсекесі. Қытайлық өндірушілер заманауи технологиялармен жабдықталған, бағасы қолжетімді модельдерді ұсына отырып, нарықтағы өз үлесін жылдам арттыруда. Сонымен қатар Hyundai мен Kia секілді корей маркалары да сатылым көлемі бойынша жетекші орындарын сақтап отыр. Үшіншіден, жергілікті өндірістің дамуы. Қазақстанда және ЕАЭО елдерінде жиналатын автомобильдердің үлесі артқан сайын, олардың бағалық артықшылықтары импорттық неміс көліктеріне деген сұранысты шектейді.

Нарық болашағы

Алдағы жылдарға жасалған болжамдарға сәйкес, Қазақстан автомобиль нарығында премиум-сегменттің өсу әлеуеті сақталады. Экономикалық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болып, халықтың сатып алу қабілеті күрт төмендемеген жағдайда, жоғары сапаға, беделге және жайлылыққа мән беретін тұтынушылар неміс автомобильдеріне деген қызығушылығын жоғалтпайды. Бұл әсіресе ірі қалаларда, табысы жоғары қазақстандықтар арасында айқын байқалады.

Алайда көпшілікке тиімді көліктер сегментінде неміс брендтерінің үлесі айтарлықтай артады деген болжам жоқ. Бұл сегментте баға факторы шешуші рөл атқарады, сондықтан қолжетімділігі жоғары азиялық маркалар мен жергілікті өндірістегі автомобильдер негізгі ойыншылар ретінде қала береді. Неміс автокөліктерінің бағасы мен қызмет көрсетуінің қымбаттығы және қосалқы бөлшектерінің құны олардың елде кең таралуына кедергі келтіретіні анық.

Жалпы алғанда, 2025 жылы Қазақстанда неміс автокөліктеріне деген сұраныс бар, алайда ол жаппай сипатқа ие деп айту қыин. BMW, Mercedes-Benz және Audi премиум-сегментте өз позицияларын сақтап, нарықтың бұл бөлігінде негізгі тренд қалыптастырушы брендтер болып қала береді. Дегенмен, жалпы автомобиль нарығындағы негізгі өсім көлемі қолжетімді баға сегментіне тиесілі болады.

Еске сала кетсек, осыған дейін Mercedes-Benz қазір BMW-дан қозғалтқыш сатып алу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлаған едік. Қос алып әлі наықты келісімге келген жоқ. Алайда Car and Driver сарапшылар бұл жаңалықтың ауылы алыс емес екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз