
Германияда қайтыс болған қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі мен енесінің Мәскеуде ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы адвокат Мұрат Адам мен марқұмның бауыры Қанат Сайлыбаев жазды.
«Донцов Александр Александрович, Донцова Наталья Николаевна 2025 жылдың 23 желтоқсанында ұсталды», – деп жазды адвокат.
Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева 2024 жылы 3-4 маусымда хабарсыз кеткен. 16 маусымда пышақталған денесі қала шетінен пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды.
Қазақстандық адвокат Жанна Мұхамадидің айтуынша, Айгүл Сайлыбаеваның аяғы ауыр болған. Алайда оны аса қатыгездікпен өлтірген.
«Мәйітін қылмыс болған жерден көлге апарып тастаған. Айгүлдің жатырында шамамен жеті айлық бала болған. Оның күйеуі Александр Донцов оның жоғалғанына ешқандай алаңдаушылық білдірмеген, іздеуге тырыспаған және полицияға хабарласпаған», – деп жазды Мұхамади.
Ал экс-судьяның қазасынан кейін бірқатар жайт анықталған. Ол күйеуі және енесі тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл туралы құрбыларына айтып, ұрып-соққанына айғақ болатын фото жіберіп отырған.
Германия тарапы Александрдың анасы – Наталья Донцованы басты күдікті ретінде таныған. Ол Айгүл іс-түссіз кеткен күні Германиядан ұшып кеткен.
Қазақстанда «қинау» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген.