
Кейінгі кездері ішікдіктен бас тартатындарды жиі кездестіруге болады. Ол бір таңғалатын жайт емес, қайта қоғамда қалыптасқан нормаға айналып келеді. Әсіресе ішімдіксіз өткізідетін сауықкештер, градусы жоқ коктейль түрлері көбейіп жатыр. Бұрын бар деген міндетті түрде алкоголь бар жер деп қабылданып келсе, бүгінде ол түсінік те өзгергенін байқаймыз. Мұндай трендтің қалыптасуына не әсер етті? Бұл бір уақытша құбылыс па, әлде адамдардың саналы таңдауға көшкенін білдіре ме? Ғылым, статистика және әлеуметтік жағдайды ескере отырып, осынау бір бастамаға терең үңіліп көрелік.
Жаңа лайфстайл қалай пайда болды
Қазақстанда ғана емес, жалпы алғанда күллі әлемде бұл тренд орта есеппен кейінгі 5-7 жылдыққа қатты қарқын алды. Өз арамызда «бұрын ішпейтін адамды сирек кездестіретін едік. Қазіргі жастар ішпейді» деген пікірді жиі айтамыз. Сөйтсек, бұл құбылыс барлық жерде белең алып жатыр екен. Алкогольге қатысты көзқарас қазір қалай өзгерді? Мысалы бұрынырақта бір бокал шарап ішу әжептәуір демалыстың міндетті атрибуты саналатын. «Таныстық үшін алып қояйық» тез аралас-құралас болып кетудің де бірден-бір амалы-етін. Ал қазір көпшілігі саналы түрде ішімдіктің қай түрін болсын ішуден бас тартып жатыр. Кейбірі ішінара, енді бірі толықтай ішпейтін өмір салтына ауысып алған. Осы ретте арнайы sober curious деген термин де пайда болды. Бұл ағылшын тілінен аударғанда «саналы өмірге ұмтылыс» дегенді білдіреді. Яғни түбегейлі алкогольден бас тартпасаңыз да, бұл әдеттің жаман екенін, түбі жақсылыққа апармайтынын саналы түрде түсіну дегенге саяды. Жаман әдеттің қай түрін болсын саралап, «осы мен неге солай істеп жүрмін?», «осы нәрсе маған керек пе?» деп өзіңізге есеп беруге шақырады. Global Drug Survey-дің 2023 жылы жасаған зерттеуінің нәтижесін қарасақ, сол жылы сауалнамаға қатысқан 18-35 жас аралығындағы респонденттердің 36 пайызға жуығы бұрынғыға қарағанда азырақ ішетін болған, кейбірі тіпті толық бас тартқан. Ал енді салыстырып қарасақ, осыдан 10 жыл бұрын бұл көрсеткіш екі есе аз болған екен.
Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі қандай
Ішімдіктің қандай дозасы болсын ағзаға қауіпті
Алкоголь тұтынуға қатысты жасалған медициналық зерттеулердің нәтижесінде осындай тұжырым жасалған. Оған дәлел ретінде 2018 жылы The Lancet журналында жарияланған жұмысты айта аламыз. Зерттеуде дүние жүзінің 195 елін қамтылғанынан-ақ қаншалықты ауқымды жұмыс болғанын бағамдай беріңіз. Ал енді ғалымдардың қандай қорытындыға келгенін айтайық:
Ішімдіктен еш зиян келмесін десеңіз, мүлдем ұрттамаңыз
Себебі тіпті азғантай ғана іштім дегеннің өзінде мынадай қауіп бар:
- Жүрек және қан-тамыр ауруларына себеп болуы мүмкін;
- Онкология (әсіресе бауыр, ішек, сүт безі қатерлі ісіктері);
- Ұйқы қашып, когнитив қабілеттер нашарлауы мүмкін.
Ми мен психикаға әсері қандай
Харвардтағы медициналық мектеп жүргізген зерттеуге қарасақ, ішімдікті аз-аздан, бірақ күнде ішетіндерде бір нәрсеге ден қоятын функция нашарлап, мазасыздық күшейіп, ұйқысы қашады екен. Сондықтан ішімдіктен бас тартсаңыз, бар-жоғы 2-4 аптадан кейін-ақ пайдасын көре бастайсыз. Эмоциялық жай-күйіңіз жақсарып сала береді.
Z ұрпақ пен миллениалдар арасында ішімдік ішпейтіндер көбірек кездеседі. Неге
Айтқандай, бұл тренд жастар арасында көп кездеседі. Яғни бумер, X ұрпақтарда ішімдік ішпейтіндер кемде-кем болса, одан кейін өмірге келген миллениалдар мен Z ұрпақ арасында ішетіндерді табу қиынырақ. Оған не себеп дегенге келсек:
1. Қоғамдағы мәдениет: саналы таңдау
Жастар қазір медитация жасағанды, психотерапия алғанды, өзінің ментал халін жақсартуға тырысқанды жақсы көреді. Бұл айтарлықтай нормаға айналып жатыр. Сондықтан саналы түрде алкогольден бас тарту трендке айналды. Ішетін болсаңыз, ол ішкі балансыңызды бұзып, «тербелтіп» жіберетіні белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда қоғамда мәдениеттің жаңа түрі – саналы түрде таңдап, ментал күйді реттеу пайда болды.
2. Экономикалық фактордың да әсері бар
Ішімдік ішу қалтаға біраз салмақ салады. Бүкіл жерде қымбатшылық, инфляция жайлаған, тұрақсыздық тағы бар. Сондықтан мұндай алмағайып заманда ақшаны ішімдікке құртқан тиімсіз екенін көбі жақсы түсінеді. OECD деректеріне сүйенсек, экономикасы тұрақсыз елдердің жастары ішімдік ішуден көбіре бас тартады екен.
3. Әлеуметтік желіде жасалатын жағымды образ
Қанша жерден әлеуметтік желі жасандылыққа толы десеңіз де, оның да пайдасы көл-көсір. Әсіресе, жақсы жаққа өзгеруге көмектесетін әдеттер қалыптастыруға шақыратын трендтер осы жерде көбірек көрсетіледі. Мәселен күнделікті залға барып, фитнеспен айналысатын, терісіне күтім жасап, өнімді әрі нәтижелі жұмыс істеу керек деп ұрандайтын инфлюенсерлер алкогольден аулақ болуға шақырады. Мұнымыз пайда емей немене?
Ішімдіксіз индустрия қарқын алып келеді
Негізі кез келген әдеттен бас тартуды «аскетизм» дейміз. Мысалы «бір ай мүлдем алкоголь ішпеймін. Аскеза ұстаймын» дейтіндер болады. Бірақ қазір ішімдіктен бас тарту аскетизм деп саналмайтын болған. Себебі түгел индустрия осы бағытты қолдап отыр. Statista аналитикалық компаниясының деректеріне үңілсек, алкогольсіз ішімдіктер нарығы әлем бойынша (оның ішінде zero beer мен mocktails те бар) 2027 жылға қарай 30 миллиард доллардан асып жығылады деседі. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бұл сегменттің жылма-жыл 7-8 пайызға өсіп отыратынын атап өту керек.
Қарасаңыз, қазір нарықта алпауыт брендтерден бастап алкогольсіз сыра мен шарап шығаратын болған. Ал мейрамханаларға бара қалсаңыз, sober-мәзір көріп қалсаңыз, таңғалмаңыз. Бұдан шығатын қорытынды мынадай: бұл тренд экономиканың өзіне оң жамбасына келіп отыр деген сөз.
Сән бе, әлде жаңа норма ма
Бұл сұрақты материалымыздың басынан бастап қойдық. Бұған біржақты жауап беру қиын. Дегенмен сән десек те, жаңа норма десек те қателескеніміз болмас. Әлбетте, әлеуметтік тренд бар жерде міндетті түрде визуал және медиа әсердің болатыны сөзсіз. Біреу шынымен саналы таңдау жасаса, енді бірі дүрмекке еріп, кейіннен шыдамай бұрынғы әніне салып кетеді. Бірақ сәнге айналып жатқан басқа трендтерге қарағанда ішімдіктен бас тартып жатқан құбылыстың астарында ғылыми жұмыстар арқылы шегелегіп дәлелденген фактілер, өзгерген құндылық пен ішпеймін деп шешкен адамдардың өмір сапасы артқанын көрсететін шынайы кейстер бар. Айталық, British Medical Journal жүргізген зерттеу нәтижесінде ішімдікті 3 айдан астам уақыт бойы татып алмаған адамдардың 72 пайызы ұйқысы жақсарып қалғанын айтқан. Ал 68 пайызында мазасыздық төмендеп, 55 пайызы энергиясының артқанын жасырмаған. Осыдан шығатын қорытынды: ішпей өмір сүру дегеніміз тыйым дегенді білдірмейді. Бұл – әр адамның жеке таңдауы. Ешқандай өзіңді қинау емес, қайта өзіңе қамқор болудың белгісі. Ішімдіктен бас тартқан бүгінгі адамдар – «ішуге болмайды» деп емес, «ішпеген абзал» екенін жақсы білетіндер.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін зумер және альфа ұрпақтың дәстүрлі мерекелерді неге жақтыра бермейтіні туралы жазған едік.