Инфляция, базалық мөлшерлеме мен салық реформасы: 2025 жылы экономикада не өзгерді

2025 жыл Қазақстан экономикасының шежіресінде екіұшты сипатымен есте қалмақ. Бір жағынан, ел экономикасы жоғары өсім көрсетті, нақты секторда рекорд тіркелді. Екінші жағынан, жоғары инфляция, қатаң ақша-несие саясаты, теңгенің құбылмалылығы және ауқымды фискалдық реформалар экономиканың әлсіз тұстарын айқын көрсетті.
Үкімет экономикамыз 6,4 пайыз өсім көрсетті дегенімен, биыл инфляция артып, қымбатшылық қысты. Халық табысының өсімі қымбатшылық қарқынына ілесе алмай жатыр. Инфляцияны ауыздықтау үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріп жіберді. Доллар 550 теңгеге дейін қымбаттап, бас банк нарыққа араласып, интервенция жасады. Бюджеттің шығысы кірісінен асып бара жатқан соң, үкімет биыл салық-қаржы реформасын қолға алып, жаңа Салық Кодексін жазып шықты. Аталмыш заң негізінде 2026 жылдан бастап қосылған құн салығы мен корпоративті табыс салығы көтеріледі. Осы ретте Kursiv.Media тілшісі биыл ел экономикасы мен қаржы саласында орын алған елеулі өзгерістерді тізіп шықты.
Ел экономикасының рекорды
Ресми статистика ел экономикасы 11 айда 6,4%-ға өскенін хабарлады. Бұл – ел үкіметі мақтана айтатын негізгі көрсеткіш. Өйткені экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мұндай өсім 2013 жылдан бері байқалмаған. Тіпті 2024 жылғы 5 пайызбен салыстырғанда, біршама жоғары.
Алайда экономика өсіміндегі негізгі үлес шикізат секторы мен мемлекеттік шығыстарға тиесілі болып тұр. Қазақстан экономикасы мұнайға тым тәуелді болғандықтан, әлемдік нарықта шикізат құнының құбылуы қатты әсер етеді.
ҚҚС 16 пайыз: Үкімет салықты көбейтеді
Бюджеттегі қаржы тапшылығын үкімет үш жыл қатарынан Ұлттық қордағы қомақты қаржымен жапты. Республикалық бюджетке сәйкес, 2025 жылы үкімет қордан жалпы 5,2 трлн теңге алды. Алайда елдің «қауіпсіздік қорындағы» қаражат орталанып бара жатқан соң, келер жыл алынатын ақшаны күрт қысқартпақ. 2026 жылы қордан бюджетке тек 2,7 трлн теңге бөлінуі тиіс.
2026 жылдан Ұлттық қордан ел қазынасына түсетін қаржы азаятындықтан, үкімет бюджетке салықтан түстетін түсімді арттыруға ниетті. Президентің тапсырмасымен биыл Салық Кодексі қайта жазылып, салық-қаржы реформасы қолға алынды.

Жаңа жылдан өз күшіне енетін заң негізінде қосылған құн салығы (ҚҚС) қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар ҚҚС-қа тіркеу шегі 20 мың айлық есептен 10 АЕК-ке дейін қысқарып, қосылған құн салығын төлеуі тиіс кәсіпкерлердің қатары артады. Осыған дейін ҚҚС-ты жылдық айналымы 76 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер төлеп келсе, келер жылы жылдық айналымы 43 млн теңгеден асатын бизнес те төлеуге тиіс. Десе де, дәрі-дәрмек сату, кітап шығару сынды салаларға ҚҚС 10 пайыз болады.
Одан бөлек, сараланған корпоративті табыс салығы (КТС) енгізіледі. Көптеген компанияларға КТС 20 пайыз деңгейінде қалса, банктер мен ойын бизнесі өкілдері үшін 25 пайызға көтеріледі. Есесіне білім мен денсаулық саласындағы кәсіпкерлер 2026 жылы 5 пайыз КТС төлесе, 2027 ол 10 пайызға жетеді.
Заңға сәйкес, халық жеке табыс салығын да табыс деңгейіне қарай төлейтін болады. Жылына 8500 АЕК, яғни – 36 млн теңге, ал айына 3 млн теңгеден аса жалақы алатын азаматтар енді 15 пайыз төлейтін болады.
Салық реформасының арқасында үкімет бюджетке қосымша 3-4 трлн теңге түседі деп жоспарлап отыр. Алайда сарапшылар бұл шешім тікелей инфляцияның өсуіне және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкеп соғады деп тұжырымдайды.
Қосылған құн салығынан әлеуметтік маңызы бар тауарлар, дәрі-дәрмек ипорттайтын компаниялар, ішкі туризм бойынша туроператорлар, кітап басу ісі, арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер босатылады.
Қатаң ақша-несия саясаты: базалық мөлшерлеме 18 пайызға жетті
2025 жыл басында 8,9 пайыз болып тұрған инфляция жыл соңына қарай қарқын алып, 11 ай ішінде 12,4 пайызға жетті. Ұлттық банк инфляция қарқынын басу үшін базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Қаңтарда 15,25 пайыз деңгейінде болған негізгі көрсеткіш қазанда 18 пайызға дейін көтерілді.
Экономистер бұл қадамды «күтпеген қатаң шешім» деп атап өтті, өйткені нарық қатысушылары өсім 1,5% емес, ең көп дегенде 1%-ды құрайды деп болжаған еді. Жыл соңында Ұлттық банк мөлшерлемені осы деңгейде сақтап, оны 2026 жылдың ортасына дейін төмендетуге негіз жоқ екенін мәлімдеді.
Мұндай жоғары мөлшерлеме инфляцияны тежеуге бағытталғанымен, іс жүзінде халық пен бизнес үшін кредит қымбаттай түсті.
Доллар 550 теңгеге жетті
2025 жылдың жазы ұлттық валютаның айтарлықтай әлсіреуімен есте қалды. Көктемде 497 теңгеден сатылған көкқағаз 30 шілдеде 550 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл жағдайға нарықтағы өтімділіктің төмендігі мен алыпсатарлық қысым себеп болды.

Теңгенің құнсыздануын тоқтату үшін Ұлттық банк алтын-валюта резервтеріне валюта сатып, интервенция жасауға мәжбүр болды. Сол кезде бас банк өз қорынан 125 млн доллар сатқанын мәлімдеді.
Жаз-күз айларында құбылып тұрған доллар бағамы желтоқсанда бірден арзандап, қайтадан 500 теңгеге дейін түсті. Сарапшылар бұл жайтты нарықтағы алыпсатарлардың әрекетімен байланыстырған. Экономист Арман Бейсенбаевтың айтуынша, базалық мөлшерлеме жоғары кезде теңгедегі активтерден тез пайда көруді ойлаған алыпсатарлар нарықты қыздырған.
Сарапашылардың доллар бағамына қатысты болжамдары әрқилы. Десе де Ұлттық қордан алынатын қаржының қысқаруы ( Ұлттық банк қорға доллармен түсетін ақшаны теңгеге айналдыру үшін биржада валюта сатады) мен әлемдік нарықта мұнай бағасының арзандауы теңгеге қысым түсіреді.
Цифрлық теңге айналымға енді
2025 жыл мемлекеттік қаржыны цифрландыруда шешуші кезеңге айналды. Шілде айына қарай айналымға 257,5 млрд цифрлық теңге шығарылғаны хабарланды. «Бояу» технологиясы арқылы цифрлық теңге 100 ірі инфрақұрылымдық жобада, соның ішінде жол жөндеу мен мектеп құрылыстарында қолданылды.
Бұл жүйе бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейтіп қана қоймай, қосылған құн салығын қайтару мерзімін 75 күннен 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Қазақ мұнайы тасымалданатын құбырға шабуыл жасалды
2025 жылы қазақ экономикасының тағдыры «байланып» тұрған Каспий құбыр концорциумының нысандарына бірнеше рет шабуыл жасалды. Бұл құбыр арқылы Қазақстанның ең маңызды шикізаты – мұнайдың 80 пайызы тасымалданады.
Алғашқы шабуыл 2025 жылғы 17 ақпанда болған. Ресей аумағында орналасқан, бірақ КҚК жүйесіндегі ең ірі нысандардың бірі саналатын «Кропоткинская» мұнай айдау станциясына дрондар соққы жасады. Нәтижесінде газ турбиналары мен электр инфрақұрылымының бір бөлігі зақымданып, мұнай айдау көлеміне уақытша шектеу енгізілді.
29 қарашада украин дрондары тағы шабуыл жасады. Новороссийск маңындағы КҚК теңіз терминалында мұнайды танкерлерге тиеуге арналған SPM-2 бірнүктелі айлағы дрон шабуылы салдарынан істен шықты. Қауіпсіздік мақсатында терминал аймағындағы бірқатар операциялар тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, аталған оқиғалардың салдарынан 2025 жылы шамамен 480 мың тонна мұнай уақытша экспортталмай қалды. Сөйтіп Қазақстан 100 млн долларға жуық шығынға ұшыраған.
Алғашқы АЭС-ті Ресей салып береді
2024 жылы жалпы ұлттық референдум өткізіп, АЭС салуға халықтың батасын алған үкімет, биыл оны кім салатынын, нысан қай жерде бой көтеріп және қалай аталатынын анықтады.
Маусым айында Ресейдің мемлекеттік атом корпорациясы Rosatom халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде таңдалды. Жоба Алматы облысының Үлкен ауылының маңында салынады.
Осы кезеңде АЭС салынатын алаңда инженерлік-геологиялық және сейсмологиялық зерттеулер басталды. Бұл жұмыстар болашақ станцияның қауіпсіздігі мен техникалық жарамдылығын бағалауға бағытталды.
2025 жылы билік бір АЭС-пен шектелмейтінін де ашық мәлімдеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші атом электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
Жоспарға сәйкес, алғашқы АЭС-тің жалпы қуаты шамамен 2,4 ГВт болуы мүмкін.
Станцияның алғашқы энергоблоктарын іске қосу 2035–2036 жылдарға жоспарланып отыр.
Энергетика министрлігі АЭС атауына қатысты арнайы байқау өткізіп, ақыр соңында «Балқаш» деп аталатынын мәлімдеді.