
Белгілі тіл маманы Назгүл Қожабек «Аватар: От пен күл» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы демалыс күндері бір күнге бір-ақ сеанс қойылғанын айтып, мәселе көтерді.
Оның сөзінше, қазақша дубляж бар дегенімен, көрермендер үшін қолжетімді болмай тұр.
«Бізді кім көресіздер, а? Демалысты күтіп жүрміз, киноға барайық деп. Сонда қойғандарың бір күнге бір-ақ сеанс па? Біз адам емеспіз бе не? Жексенбіде де бір-ақ сеанс! Біреу-ақ, Карл! Қазақша дубляж деп бөркімізді аспанға атқанда, бар нәрсені көре алмай пұшайман болып, сырттан қарап отырамыз ба?», – дейді Назгүл Қожабек.
Айта кетейік, бұған дейін Джеймс Кэмеронның кезекті фильмі «Аватар: От пен күл» прокатқа шыққан алғашқы аптасында-ақ Қазақстан кинотеатрларында рекордтық табыс жинады. Freedom Ticketon ұсынған деректерге сәйкес, фильм 962,7 млн теңгеден астам кассалық түсім көрсетіп, апталық бокс-офисте сөзсіз көш бастады.