
Мейрамханаға келген қонақ пен мейрамхана әкімшісі арасындағы оқиға бойынша полиция тексеру жүргізген. Полиция жанжалға қатысушылармен тілдесіп, сот екі тарапқа да айыппұл тағайындаған.
Полиция ақпаратына сүйенсек, іс қорытындысы бойынша екі тарап өзара кешірім сұрап, татуласқан. Сонымен бірге, олардың әрекеттері құқықтық тұрғыда бағаланып, сот екеуін де ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты және 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл тағайындады.
Айта кетейік, әңгіме Шымбұлақтағы GUSTO мейрамханасындағы жанжал туралы. Онда мейрамханаға келген қонақ мекеме қызметкерінен қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етіп, оны видеоға түсірген. Желіде тараған видеода мейрамхана қызметкері «мен сіздің тіліңізде сөйлеуге міндетті емеспін» деген. Видео желіде қызу талқыға түсіп, кейіннен мейрамхана әкімшілігі қызметтік тексеру жүргізіп, қызметкерді жұмыстан шығарған. Ал қызметкердің өзі кешірім сұрап бейнежазба жариялаған.
Алматы полициясы тілге қатысты мәселелер арандатуға себеп болмауы керек екендігін, ұлтаралық тақырыптарда кез келген әрекет қоғамдық қауіпсіздікке қауіп ретінде қарастырылатынын еске салды.