
Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамандандырылған әскери мектеп-интернаттың қызметімен танысты, деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысы оқу кабинеттері мен спорт залын аралаған. Президентке мекемеде 180 бала оқиды және тұрады деп баяндалды. Мектеп оқушыларды оқытумен, тегін тамақпен және тұрумен қамтамасыз етеді. Оқу бағдарламасы 7-ден 11-сыныпқа дейінгі кезеңді қамтиды.

Мектептің маңызды мақсаттарының бірі – болашақ Отан қорғаушыларды даярлау үшін әскери-патриоттық тәрбие беру. Курсанттар робототехника, дрондарды басқару, жасанды интеллект бойынша үйірмелердің жұмысына қатысады. Болашақ әскери қызметшілер ағылшын тілінде қарқынды дайындықтан өтеді.
Оқушылармен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет әскери білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Іс-шара соңында Тоқаев мектепке Бауыржан Момышұлының портретін және отандық өндірістегі мектеп автобусын сыйға тартты.