
Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов ERG-дің жеке инвесторларға тиесілі акцияларын емес, мемлекет иеленетін 40 пайыз үлесін 1,4 млрд долларға сатқан әлдеқайда ұтымды шешім болар еді деген пікірде.
«Өйткені соңғы екі жыл ERG үшін табыстан гөрі шығынмен өткен кезең болды. Компания қаржы тұрғысынан оң нәтиже көрсетпей отыр. Бұған қоса, Стати әулетімен ұзаққа созылған арбитраждық даулар салдарынан соңғы он жылда мемлекетке 40 пайыз үлес үшін нақты қанша дивиденд түскені беймәлім болып отыр», – деп жазады сарапшы.
Тағы бір түйткіл – ашықтықтың жоқтығы. Заң талап еткеніне қарамастан, ERG аудиттен өткен қаржылық есепті жарияламай келеді. Соның салдарынан холдингтің нақты қарыз көлемін дәл айту мүмкін емес. Сарапшылардың болжамы бойынша, компанияның жиынтық берешегі 5 млрд доллар шамасында болуы ықтимал.
Financial Times басылымының дерегіне сәйкес, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп холдингтің 40 пайыз акциясын 1,4 млрд долларға сатып алуға дайын екенін білдірген. Бұл пакетке Патох Шодиевтің 18,6 пайызы және марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі 20,7 пайыз үлес кіреді. Кебір БАҚ Мүтәліптің акцияларды сатып алғанын жазады.
Алайда компанияның өзі бұл ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Тек компания өз акционерлері деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты пікір білдірмейтінін атап өтті.
ERG – Қазақстандағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі ең ірі тау-кен металлургия холдингтерінің бірі. Компания Люксембургте тіркелген, ал өндірістік қызметі төрт құрлыққа таралған. Компания акцияларының 40%-ы Қазақстан Үкіметіне тиесілі. Қалған үлестің 20,7%-ы Ибрагимовтер отбасы, сондай көлемдегі акция марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлерінің иелігінде. Патох Шодиев 18,6%-ын иеленеді.