Шымкент әкімдігі апаттық жағдайдағы мектепті не істерін әлі шеше алмай жатыр

Жарияланды
Шымкент әкімдігі апаттық жағдайдағы мектепті не істерін әлі шеше алмай жатыр
Шымкент әкімдігі апаттық жағдайдағы мектепті не істерін әлі шеше алмай жатыр / фото: Дилара Иса

Спорт залы «апаттық жағдайда» тұрған Шымкентте 8 жыл бұрын салынған №125 мектептің жайы не болатыны әлі күнге дейін белгісіз. Қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек сараптама қорытындысы неге кешеуілдеп жатқанын түсіндірді.

Бүгінде Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасқан мектепте мыңнан аса бала білім алып жүр. 4 жыл бұрын мектеп әкімшілігі спорт зал қауіпті жағдайға түскені туралы тиісті мекемелерге хабар берген. Дегенмен оны жөндеу, не сүру туралы нақты шешім шықпай тұр.

«Мектеп спорт залының іргесі ажыраған. Оны қалпына келтіруге болатыны, не болмайтынын жергілікті сараптама жасайтын мекемелер анықтап бере алмады. «KAZGISA” мекемесіне сараптамаға жолдадық. Сараптама уақыты – 2 ай. Соның нәтижесін күтіп отырмыз. Жақын арада анықталады, сосын шешім қабылдаймыз. Спорт залды қайта жөндейміз бе, әлде бұзып қайта саламыз ба осы сараптама қорытындысына байланысты. Қорытынды болмайында біз ешқандай қадамға бара алмаймыз» деді ресми өкіл.

Сәрсен Құранбектің сөзінше, сараптама қорытындысы ақау салынған кездегі кемшілік пе, әлде мектеп әкімшілігінің салғырттығынан пайда болған ба, нақтылап береді.

«Сәйкесінше, жауаптылар өзінің жауабын алуы керек. Егер ол мердігер компания тарапынан кеткен кемшілік болатын болса, оны сотқа береміз. Қалпына келтіруге міндеттейміз. Мектеп басшылығының салғырттығынан болатын болса, оларға шара көреміз» дейді шенеунік.

2017 жылы пайдалануға берілген ғимараттың сиқы сын көтерметіні жөнінде бұған дейін жазғанбыз. Бүгінде спорт залдың едені бұрынғыдан да шөгіп, қабырғалардағы жарықтар ұлғайған. Зал ішіне кіретін есік әрең ашылады. Оқушыларды мұнда кіргізбей, дене шынықтыру сабағы күн жылыда сыртта, салқындағанда сынып бөлмелерінде өтеді. Спорт залдың қабырғасы мектепке жапсарлас тұр. Зал сырты қоршауға алынған. Бұл аймаққа оқушылардың өтіп кетпеуін мұғалімдер күзетіп, қадағалап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз