Жаңалықтар

Шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жекенің қолына өтетін болды

Фото: Ордабасы ФК баспасөз қызметі

2026 жылы шымкенттік «Ордабасы» футбол клубы жекенің меншігіне өтеді. Бұл туралы жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек мәлім етті.

«Ордабасы» футбол командасы жекеменшікке өтуі тиіс. Жалпы біз бұл мәселеде 30 жылға кенжелеп қалдық деп есептеймін. Шетелде футбол клубтардың барлығы жекенің қолында. Олар шығын шығарып қана қоймайды. Футбол клубының айналасында индустрия құру арқылы табыс табады. Адамдардың көңілін де көтереді. Туризмді дамытады», – деді шенеунік.

Сәрсен Құранбек футбол клубтарын жекешелендіру Қазақстанда бар тәжирибе екенін, оның нәтижесі жаман еместігін атап өтті.

«Біздің де клубтардың алды жекеке өтіп үлгерді. Олардың қатарында «Қайрат», «Жеңіс, «Қайсар, «Шахтер» футбол клубы бар. Жекеге өткен футбол клубы өзінің бағыт-бағдарын өзгертпеуге тиіс. «Ордабасы» клубы да осы жолмен жүретін болады. «Ордабасы» клубын жекеге өткізу сатылап келген жұмыс», – деді ресми өкіл.

Бейресми мәліметке қарағанда, клубты кәсіпкер Серікжан Сейітжанов алуы мүмкін. Ел ішінде осындай гу-гу әңгіме тарағанымен, мемлекеттік органдар да, кәсіпкер де бұл ақпаратты әлі растамады.

Айта кетейік, биыл «Ордабасы» футбол клубының төңірегінде дау, пікірталас көп болды. Әсіресе, қазан айында Қазақстан Кубогының финалында «Тобылдан» жеңілгеннен кейін «Ордабасы» футбол клубын сынға алғандар көбейді. Жанкүйерлер түбегейлі өзгерістерді талап етсе, сарапшылар клуб басшылығының отставкасы туралы жиі айта бастады.

2024 жылғы маусымға қатысу үшін «Ордабасы» қомақты қаржылай қолдау алған. Нақтырақ айтқанда, жергілікті бюджеттен – 4,3 млрд теңге, демеушілерден – тағы 1 млрд теңге. Жалпы сома 5 млрд теңгеден асқан. Бұдан бұрын ел чемпионы атанған «Ордабасы» күтпеген жерден турнир кестесінде 8-орынға түсіп қалды.

Бұған дейін Шымкент әкімі «Ордабасы» клубының 2 млрд теңге қарызы барын теріске шығарған.