Алматы тұрғындары жаппай қоғамдық көлікке отыруы тиіс – Бас жоспар авторы

Алматы экологиясын жақсарып, кептелісті азайтқың келсе, қоғамдық көлікке отыр. «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов осылай деп есептейді.
Оның пікірінше, қоғамдық көлікке басымдық бермей қаладағы кептеліс мәселесін шешу мүмкін емес.
«Егер біз қаланы дамыту мен экологиялық жағдайды жақсартқымыз келсе, қоғамдық көлікке отыруымыз керек. Қазір көпшілік жүргізуші көзқарасымен қарайды, бірақ қалаға қоғамдық көлікке басымдық беретін түбегейлі қадам қажет. Сонда ғана кептеліс мәселесін азайта аламыз», – деді ол.
Оның айтуынша, қазір мегаполсите BTR желісін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Сәдуов әл-Фараби көшесіндегі кептеліс себебін түсіндірді.
«Көпшілік әл-Фарабиде жылдамдық 80 км/сағ, бағдаршам жоқ деп, сол бағытқа ұмтылады. Басында бұл жүйе жұмыс істеді, бірақ кейін сұраныстың артуы кептеліске алып келді. Қазір мұнда кептеліс үзілмейді», – деді ол.
Бұл ретте Бас жоспар авторы тағы да қоғамдық көлікке көшу мәселесіне қайта оралды.
«Жалғыз шешім – қоғамдық көлікті дамыту. Біздің ұстанымыз осы», – деп түйді институт директоры.
Тұрғындар үш күн бойы Алматының Бас жоспарын талқылайды. Ол 24 желтоқсанда басталды. 2040 жылға қарай шаһар тұрғындарының саны 3,6 млн адамға жетеді деген болжам бар.
Құжатты талқылау барысында Алматы ұрғындарына жұмысқа 15-30 минутта жетуі үшін жағдай жасалуы керек деген ұсыныс айтылған.