Алматы тұрғыны жұмысқа 15-30 минутта жетуі тиіс – Бас жоспар

Алматы қаласының тұрғындарына жұмысқа 15-30 минутта жетуі үшін жағдай жасалуы керек. Құрылыс академиясының ректоры осылай деп есептейді. Қазір мегаполистің 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын талқылау жүріп жатыр.
Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының ректоры Бахтияр Сәбденәлиев Алматыда қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесіне ерекше мән берді.
«BRT, LRT, метро және арнайы жолақтар азаматтардың жұмыс орнына 15-30 минут ішінде жетуіне мүмкіндік беруге тиіс. Мұндай тәжірибе Лондон, Нью-Йорк сынды ірі мегаполистерде кеңінен қолданылады. Қала өмірін тек орталыққа сүйене отырып ұйымдастыру мүмкін емес, бұл – бүгінгі таңда баламасы жоқ қажеттілік», – деп есептейді KazGASA ректоры. Оның пікірін қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратты.
2,3 млн тұрғыны бар Алматы қаласында таңертең және кешке көлік кептелісі жиі болып тұрады. Соның салдарынан тұрғындар жұмысқа жетуге және үйге қайтаға көп уақыт жоғалтады.
Бас жоспарды талқылау 24 желтоқсанда басталды. Ол үш күнге созылады. 2040 жылға қарай шаһар тұрғындарының саны 3,6 млн адамға жетеді деген болжам бар.
Бұған дейін Kursiv.Media Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жайлы көпшілік біле бермейтін жеті дерек жариялаған.