
2025 жылғы қарашада жедел медициналық жәрдем көрсетіп жүрген уақытта ауыр жараланып, кейін ауруханада қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанға ескерткіш тақта орнатылды. Ол Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы ғимаратының қабырғасына ілінді.
Тақтаның ашылу салтанатына денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, жедел жәрдем қызметкерлері, сонымен бірге марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы қатысты.

Ескерткіш тақтада фельдшер «қызметтік міндетін орындау барысында қаза тапқан» деп жазылған.
«Кәсіби борышына шексіз адалдығы мен ерлігі – мәңгілікке үлгі. Мәңгі жүрегімізде, мәңгі есімізде» деп қашалған қара таста.
Ұлдананың бір топ әріптесі гүл қойды. Министр Әлназарова медицина саласында істейтін 300 мың адамның, өзінің атынан марқұмның туыстарына көңіл айтты. Бұған қоса, бүгін Мырзуан атындағы аудитория ашылатыны мәлім болды.
«Ұлдана Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Бүгін сол колледжде Ұлдананың атындағы арнайы аудитория ашылады», – дейді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астана қаласында көп қабатты үйлердің бірінің қасбеті сөгіліп, бірнеше адам зардап шеккен. Тұрғындар шақыртқан жедел жәрдем құрамында фельдшер Ұлдана да болған. Ауыр жараланған жас маман он күннен кейін – 18 қарашада ауруханада көз жұмды.