Жаңалықтар

Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақысын құнсызданудан қорғайды

БЖЗҚ
Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақысын құнсызданудан қорғайды / Фото: enpf.kz

Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша жылдық кірістілікті инфляциядан 150-200 базистік пунктке асатын деңгейде қамтамасыз етуді қараыстырды, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

«Кеңес ұзақ мерзімді перспективада Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бойынша жылдық кірістілікті инфляциядан 150-200 базистік пунктке асатын деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған шараларды, сондай-ақ несиені өтеу тетіктерінің тиімділігін арттыру және кепілді экономикалық айналымға тарту мәселелерін қарастырды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, қараша айының қорытындысы бойынша басқарушылар арасында тек «Сентрас Секьюритиз» зейнетақы активтерінің жылдық табыстылығын инфляция деңгейінен жоғары – 15,72% қамтамасыз еткен. БЖЗҚ-да бұл көрсеткіш 12,4% инфляциямен 9,69% құрады.

Осыған дейін Ұлттық банк зейнетақы қаржысын Отбасы банктің бағалы қағаздарына салған еді. Ресми дерекке сүйенсек, тамызда Ұлттық банк жалпы сомасы 71,9 млр теңгеге «Отбасы банктің» облигацияларын сатып алған. Жаңа шығарылымдардың орташа табыстылығы жылдық 18% деңгейде бекітілген.