Жыл басынан бері атажұртқа 15 мыңға жуық қандас оралды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі

Биыл 14 828 этникалық қазақ атамекеніне оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 162,9 мың этникалық қазақ көшіп келген.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 43,6%-ы Қытай Халық Республикасынан, 4,1%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Моңғолиядан, 2,5%-ы Ресейден және 2,3%-ы басқа елдерден келген.

«Осы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 34%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта кәсіби білімді, 51,1%-ы жалпы орта білімді, және 6,3% білім жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды»– делінген хабарламада.

Қандастар үшін қанша квота бөлінді

Қандастарды Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облысы сияқты еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстандырылды.

Қоныстандыру өңірлерінде биыл қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамға бөлінген болатын. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайды алар болсақ, өңірлерге 2 218 қандас қоныс аударған.

Тарихи отанына оралған қандастарға қанша ақша берілді

Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде қаржылай көмек беріледі. Бұдан бөлек тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-ден 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде қолдау көрсетіледі.

Жыл басынан бері 1279 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген., оның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Еске салайық, Қазақстанда қандас мәртебесін беру және ұзарту қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді өтініш беру процесі әлдеқайда жеңілдеді. Ведомствоның 2025 жылғы 10 қазандағы бұйрығына сәйкес, қандас мәртебесін беру немесе ұзарту туралы өтінішті Бірыңғай көші-қон қызметтері порталы арқылы беруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз