2026 жылы қосылған кұн салығын төлеуден кімдер босатылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соған сәйкес қосылған құн салығы `(ҚҚС) 12%-дан 16%-ға дейін көтеріледі. Ал бұл салықты төлеуден қандай кәсіп түрлері мен қызмет босатылады?

ҚҚС төлемейтін кәсіпкерлер

Алдымен, жаңа кодекске сәйкес, жылдық айналымы 10 мың айлық есептік көрсеткіштен (43,2 млн теңге) аспайтын кәсіпкерлер ҚҚС төлеуші ретінде тіркелуге міндетті емес. Бұл дегеніміз, айналым белгіленген шектен асқанға дейін кәсіпкерге ҚҚС есептелмейді, есептілік тапсырмайды және тауар мен қызмет бағасына ҚҚС қоспайды. Бұл норма, ең алдымен, шағын және микробизнеске бағытталған.

Сонымен қатар арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер де ҚҚС төлеуден босатылады.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдері оңтайландырылды. Бұрын бірнеше режим болса, енді олардың үшеуі ғана сақталады. Олар:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы режим (салықты мобильді қосымша арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылған);
  • жеңілдетілген декларация негізіндегі режим;
  • шаруа және фермер қожалықтарына арналған режим.

Үкімет жеңілдетілген декларация режимін тек бөлшек сауда секторында қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұл режим бойынша кәсіпкерлер үшін барынша жеңіл шарттар белгіленген. Атап айтқанда:

  • жылдық айналым шегі 600 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 2,6 млрд теңгеге дейін;
  • ҚҚС төлеуші ретінде тіркелмейді;
  • әлеуметтік салық төлеуден босатылады;
  • егер жылдық айналым 100 млн теңгеден асса, онда еңбекақы қоры салық салынатын базадан шегеріледі.

Баспа ісі мен кітап шығару қосылған құн салығынан босатылады

Кодексте тек кәсіпкердің мәртебесіне емес, оның көрсететін қызметі мен сататын тауарына да мән берілген.

Атап айтқанда, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтерге ҚҚС салынбайды.

Сол сияқты, білім, мәдениет және ғылым саласындағы жекелеген қызметтер де ҚҚС-тан босатылған. Жаңа кодекске сәйкес кітап шығару және баспа қызметтері, сондай-ақ археологиялық және ғылыми зерттеу жұмыстары ҚҚС салынбайтын операциялар қатарына енгізілген.

Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша да ҚҚС алынбайды. Мұндай тауарлардың нақты тізбесін Үкімет бекітеді. Ал бұл талап жаңа Салық кодексінде сақталған.

Сонымен бірге жаңа кодексте кейбір салалар үшін ҚҚС толық алып тасталмай, төмендетілген мөлшерлеме қолдану тәртібі енгізілген. Мысалы, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылы 5 пайыздық ставка белгіленсе, 2027 жылдан бастап бұл мөлшерлеме 10%-ға дейін өседі

Жаңа Салық кодексінде мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелері де ҚҚС төлеуші ретінде танылмайды. Сонымен қатар жеке практикамен айналысатын кейбір мамандар, оның ішінде нотариустар мен адвокаттар да ҚҚС төлеу міндетінен босатылған.

Қорыта айтқанда, 2026 жылдан бастап ҚҚС төлемейтіндер үш негізгі топқа бөлінеді:

  • Біріншісі – айналымы 10 мың АЕК-тен аспайтын шағын бизнес.
  • Екіншісі – арнайы салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер.
  • Үшіншісі – ҚҚС-тан босатылған қызметтер мен тауарларды ұсынатын ұйымдар, яғни медицина, әлеуметтік азық-түлік, кітап шығару және ғылыми қызмет салалары.

ҚҚС – тауар мен қызметті сату кезінде алынатын жанама салық. Жаңа Салық кодексінде оның негізгі мөлшерлемесі 16% болып белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз