Алматы облысында «Күрті – Қонаев» автожолының 67 шақырымы қайта жаңғыртылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Фото: ҚазАвтоЖол

Алматы облысында «Күрті – Қонаев» автожолының 67 шақырымы қайта жаңғыртылды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ хабарлауынша, халықаралық «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізінің «Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы» бағыты бойындағы маңызды буын саналатын республикалық маңызы бар «Күрті – Қонаев» автожолын (0–67 шақырым) қайта жаңғырту жобасы аясында негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған.

«Қазіргі таңда ұзындығы 67 шақырым учаскеде төрт жолақты жолда қозғалыс ашылды. Бұл шешім жолдың өткізу қабілетін және жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырып, жол жүру уақытын қысқартады», – делінген хабарламада.

Учаске елдің ең ірі агломерациясын орталық өңірлермен тиімді байланыстыруға мүмкіндік бермек. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Фото: ҚазАвтоЖол

Ұлттық компанияның мәліметінше, қайта жаңғырту параметрлеріне сәйкес автожол Іб техникалық санатына келтіріліп, төрт жолақты қозғалыс ұйымдастырылған. Жоба шеңберінде төрт көпір құрылысы, бір көлік айрығы, айрық құрамындағы бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы және 61 су өткізу құбыры салынған. Нысан құрылысына 305 маман мен 104 бірлік құрылыс техникасы жұмылдырылған.

«Біз «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің негізгі учаскелерін кезең-кезеңімен қазіргі заман талабына сай деңгейге жеткізіп келеміз. «Күрті – Қонаев» бағытында төрт жолақты қозғалыстың ашылуы – көлік шығындарын төмендетіп, логистиканың болжамдылығын арттыратын, сапарды мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ететін нақты нәтиже. Алматы облысы үшін бұл жоба өте маңызды. Өйткені бұл жол жолаушы және жүк тасымалы айналымының өсуіне тікелей ықпал етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Бұған дейін, аталған жол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарының барысы туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз