«АрселорМиттал Теміртаудан» 1,8 млрд теңгенің мүлкін ұрлағандар тергеліп жатыр

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ мүлкін жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, «АлбаСтройДор» ЖШС-нің директоры Сергей Кимге қатысты тергеу басталған.
Істің мәні
2015 жылы «АрселорМиттал Темиртау» АҚ мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында қайта өңдеу қалдықтарына билік ету құқығынсыз домна шлагын қайта өңдеу туралы шарт жасалған.
Алайда Ким өндірістік нысандарға еркін кіріп-шығатынын пайдаланып, зауыт аумағынан домна қоспасы мен кесек шойынды жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Ұрланған мүлікті кедергісіз шығару мақсатында қылмыстық схемаға «Күзет» ЖШС күзет ұйымы тартылған. Қызметкерлер автокөліктерді бақылаусыз өткізіп отырған.
Ұрланған мүлікті Ким өз бақылауындағы «ГлобалСпецТорг» ЖШС және «ЦентрОптСнаб» ЖШС арқылы заңдастырған.
Заңсыз әрекет салдарынан жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеден асатын 31 мың тоннадан астам өнім ұрланған. Күдікті Ким 2 ай мерзімге қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды.
Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін компания атауы Qarmet болып өзгерді.